Музейдің Консервация және қалпына келтіру қызметі шеберлік сабағын өткізді

Бүгін ҚР Ұлттық музейінде “Көненің көзін ашу” атты музейдің Консервация және қалпына келтіру қызметінің көрмесі мен шеберлік сабақтары өтті.

Көрменің мақсаты - музейдің бүгін қалпына келтірілген әрі ұзақ жылдар бойы сақтау үшін жаңғыртылған жұмыстарының «құпиясын» ашатын көрмені ұсынып, консервациялау және қалпына келтіру қызметі мамандары еңбегінің нәтижесімен таныстыру.

Аталған көрмеде ғасырдан артық тарихы бар құжаттарға, құран кітаптар, фотосуреттерге, қыш бұйымдар сияқты көне жәдігерлерге келушілердің көзінше қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Шеберлік сабағы барысында музей қызметінің бұл түрі кәсіби біліктілікпен қатар асқан төзімділікті қажет ететін өте күрделі жұмыс екендігі айқын аңғарылды. 

Тарихи жәдігер музей қорына түрлі жағдайда түсуі мүмкін. Келушілер оның қаз-қалпында өңделген түрін ғана көреді. Көрменің ерекшелігі әрбір экспонаттың өңдеуге дейінгі, өңдеуден кейінгі және күрделі өңдеу барысындағы жұмыс сәтінен кезеңдік суреттерді көпшілікке көрсету.

Ұлттық музейдің консервациялау және қалпына келтіру қызметі 2014 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Сол уақыттан бері 3000-нан астам құнды жәдігер жаңғыртылған.