Танымал тұлғалар музей залдары бойынша экскурсия жүргізді

18 мамыр Халықаралық музейлер күніне орай ҚР Ұлттық музейінде «Жұлдызды гид» бағдарламасы өтті.

Жобаның негізгі мақсаты – келушілерге тарихымыз бен мәдениетімізді насихаттау.

«Бүгін мен археология залында жұмыс істеймін. Археологиядан бөлек өзімнің 17 жылғы зерттеу жұмыстарымның нәтижелері, яғни XV-XIX ғасырлардағы Қазақ хандығының ескі карталары туралы мәліметтермен де бөлісетін боламын. Мен ғылыми қызметкер, әке ретінде «Музейлер түнін» ешқашан өткізіп алған емеспін. Себебі осы жылдар ішінде әлемнің көптеген музейлерінде болдым. Еуропа, АҚШ, Таяу Шығыс, Азия...т.б. Біріншіден өзіме қызық, екіншіден бұл жерге отбасыңмен келу керек. Мұнда кішкентай балалардан бастап, үлкен кісілерге дейін кездестіруге болады. Бұл тарихқа жақындай түсуге жол ашады, одан басқа қаншама мәдени шаралар ұйымдастырылған. Бүгінгі шараны Ұлттық музей өте жоғары халықаралық деңгейде абыроймен өткізуде. Музей қызметкерлері үшін бұл түнді «Оскар түні» деп айтуға болатын шығар»,-деді тарихшы, саяси ғылымдар докторы, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров.

Тарихшыларымыз музей залдарын өзара бөлісіп алып, келушілерге халқымыздың көне тарихы мен бай мұрасы туралы мәлімет берді. Атап айтар болсақ Радик Темірғалиев «XIII-XX ғғ. Қазақстан тарихы», Мұхит-Ардагер Сыдықназаров «Ежелгі және ортағасырлар тарихы», Жақсылық Сәбитов «Ұлық Ұлыс», кәсіпкер Арманжан Байтасов №1 «Ұлы Даланың ежелгі өнері және технологиялары», «Pygmalion» арт-галереясының негізін қалаушысы Данагүл Толепбай №1 Бейнелеу өнері және Диас Камериданов «Қазақтың дәстүрлі мәдениеті» залдары бойынша мағлұматтармен бөлісті.

Жыл сайын өткізу дәстүрге айналған «Жұлдызды гид» жобасын асыға күткен жандар тарихи тұлғалардың өмірі, еңбек жолы туралы өздерін қызықтырған сауалдарына жауап алды.