Бүгін 18 мамыр күні Халықаралық музейлер күніне орай, музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен жас өспірімдерге арналған «Жәдігерлер сөйлейді» атты квест сабағы өткізілді.
Сабақтың мақсаты – оқушыларға музейдегі тарихи-ғылыми дерек ретінде сақталған құнды жәдігерлер туралы ақпарат бере отырып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, елжанды азамат болуға тәрбиелеу.
Оқушыларға әсерлі болу мақсатында, музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің қызметкерлері жәдігерлердің бейнесінде сабақ жүргізді. «Алдар көсенің» рөліндегі музей қызметкері алтын сақаны иіру арқылы балаларға түрлі қызықты тапсырмаларды бере отырып, «Ұлы Даланың ежелгі өнер және технологиялары» залы мен «Ежелгі және орта ғасырлық тарихы» залдарын аралатты. Алтын сақаның күшімен сол залдарда орналасқан «Алтын адам», «Тақсай ханшайымы», «Үржарлық абыз әйелі», «Қаңлы әйелі», «Алғашқы адам» сынды жәдігерлерге «жан бітіп», өздерін таныстырып, киім элементтерін сипаттап, өз заманындағы әдет-ғұрыптары мен тұрмысын баяндады.
Балалар қызықтырған сұрақтарына жауап алып, музей қызметкерлерімен пікір алмасты.
Сабаққа № 92 мектептің 3 «Ә» сынып оқушылары қатысты.