Ұлттық музейде қор сақтаушылар симпозиумы өтті

18 мамыр күні ҚР Ұлттық музейінде «Музейдің қор сақтау қызметін ұйымдастыру: теориясы мен практикасы» тақырыбында қор сақтаушы мамандар үшін симпозиум өтті.

Симпозиум Халықаралық музейлер күніне орай ҚР Ұлттық музейі, Қазақстан музейлерін дамытуды үйлестіру-әдістемелік орталығы және Қор жұмыстары қызметінің ұйымдастыруымен өткізілді.

Шараның мақсаты мен міндеті: Ұлттық музей тәжірибесі негізінде қор жинақтау, тіркеу және сақтау жұмыстарынан шеберлік сағаттарын өткізу мен талдау арқылы Қазақстан музейлерінің қор сақтау ісінің ілгерілеуіне ықпал ету.

«Музей деген сақтап қана қоймайды, ол үлкен кеңістік. Мынау өздеріңіз отырған еліміздегі ең үлкен мәдени ошақ 74 мың шаршы метрді қамтитын, 200 мыңнан астам жәдігері бар музей. Құрылғанына аз уақыт болса да, біраз игі іс-шараларды қолға алып, жүзеге асырып келеді. Бүгінгі шараға 30 музейден 60-қа жуық қор сақтаушы мамандар келіп отыр екен. Барлықтарыңызға рахмет! Бұл симпозиум «Музейлер түнімен» жалғасын табатын болады. Істеріңізге сәттілік тілеймін!»,-деді өз сөзінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Данияр Әлиев.

Іс-шарада Ұлттық музейдің Қор ісі қызметінің жұмыстары іс жүзінде көрсетіліп, қор жинақтау нәтижесінде түскен музейлік заттарды таныстыру, музей қорындағы есепке алу және тіркеу жұмыстары, негізгі тіркеу құжаттарының жүргізілу тәртібі мен үлгісі, мәдени құндылықтарды сақтау мәселелері айтылды. Сонымен қатар аталған сала мамандары деректердің тиімді жүйеленуін қамтамасыз ететін автоматтандырылған «Музей» жүйесінің жұмысын негізге ала отырып, заман талабына сай жинақтаған озық тәжірибелерімен бөлісті.

2022 жылғы жағдай бойынша статистикалық көрсеткіштерде еліміздегі мемлекеттік музейлер саны 270-тен асады, музей заттары мен коллекциялар саны – 4 млн.нан астам. Олардың ішінде негізгі қордағы музей заттары – 2 619 221 сақтам бірлік, ғылыми-көмекші қорларда - 1 485 404 сақтам бірлік. Сонымен қатар, цифрлық форматтағы музей заттарының саны – 447 236 сақтам бірлік болса, электронды тасымалдағыштарда – 1 064 423 сақтам бірлігін құрайды.