«Музейлер түні» акциясының іс-шара жоспарлары таныстырылды

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі» РМҚК директоры м.а. Айбек Сыдықов Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған іс-шара жоспарларымен бөлісті.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен мереке барысында және 18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай Ұлттық музейде «Музейлер түні» акциясы өтеді. ICOM Халықаралық музейлер кеңесінің тұжырымдамасына сәйкес, биылғы жылғы акцияның тақырыбы – «Музейлер, тұрақтылық пен әл-ауқат». Осыған байланысты Ұлттық музей ұжымы елорда тұрғындары мен қонақтары үшін «Музей – уақыт ағымында» атты ауқымды тарихи-танымдық жобасын ұсынады.

2023 жылдың 18 мамыр күні 10:00-18:00-де Ғылыми кітапханада «Музейдің қор сақтау қызметін ұйымдастыру: теориясы мен практикасы» симпозиумы өтеді. Оған республикамыздың әр өңіріндегі 28 музейінен 43 маман қатысады. Сонымен қатар музей залдарында «Балдырған гид» жобасы аясындағы шолу экскурсиялар, «Жәдігерлер сөйлейді» квест-сабағы ұйымдастырылады.

18:00-де Ұлттық музей басылымдары мен «Алматы-кітап» баспасының кітап көрмесі, «Көненің көзін ашу» атты ҚР Ұлттық музейі Консервация және қалпына келтіру қызметінің көрмесі мен шеберлік сабақтары, қолөнер жәрмеңкесі, ғылыми дәрістер, «Тарихи тұлғалар: қуыршақ бейнесінде» авторлық қуыршақтар көрмесі, театрландырылған экскурсиялар мен ойын-квесттер басталады. «Жұлдызды гид» жобасында елге танымал тарихшылар Радик Темірғалиев, Жақсылық Сәбитов, Мұхит-Ардагер Сыдықназаров, медиаменеджер Арманжан Байтасов, «Pygmalion» галереясының негізін қалаушы Данагүл Төлепбай мен блогер Диас Камериданов музей залдарында экскурсия жүргізеді.

Кешті жүргізетін танымал КВН-ші, тележүргізуші Данияр Жұмаділов пен «Qazaqstan» арнасының тележүргізушісі Ләйлә Қазиақпар.

Мерекелік кеште Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының Үрмелі аспаптар оркестрі мен «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі, би ұжымдары, диджейлер өнерлерін паш етіп, соңында отты шоу көрсетіледі.

«Музей мерекесі болып табылатын «Музейлер түні» акциясы қазіргі заманғы халықаралық музей тәжірибесінде кеңінен таралды. Акция Халықаралық музейлер кеңесінің (ICOM) қамқорлығымен өткізіледі. Осы түнде көптеген музейлер күн батқаннан кейін және таңертеңге дейін келушілер үшін ашық. Акцияның негізгі мақсаты – заманауи музейлердің мүмкіндіктері мен әлеуетін көрсету, жастарды музейге тарту. Осыған орай біз еліміздің жастар мен жасөспірімдер аудиториясының қажеттіліктері мен сұраныстарына бағытталған «Музей – уақыт ағымында» бағдарламасын жасадық», - деп атап өтті Айбек Сыдықов.

«Музейлер түні» – бұл еліміздің мәдени өміріндегі елеулі оқиға, көпшілік асыға күтетін дәстүрлі шаралардың бірі. Ауқымды шараның негізгі мақсаты – еліміздің ең басты әлеуметтік-мәдени мекемесі ретінде музейге деген көпшіліктің қызығушылығын ояту, тарихи-мәдени мұраларға арналған бірегей шаралар мен бағдарламалар арқылы музейдің беделін арттыру. Ол жастардың шығармашылығын дамытуға, мәдени орта құруға үлкен септігін тигізеді. Елордамыздың тұрғындары мен қонақтары үшін аталмыш шара музей әлемімен танысуға, музей коллекциялары мен экспозициясын көруге, мәдени бағдарламаларға қатысуға және көңілді демалып қайтуға зор мүмкіндік береді.

Кешкі 18:00-ден бастап келушілердің барлық санаты үшін музейге кіру тегін.