«Әнді сүйсең менше сүй» шығармашылық кездесу

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде жастар мен студенттерге арналған «Дана» музейлік білім беру жобасы аясында жан-дүниемізді өзге бір әлемге жетелеп, сезім пернелерін дәл басатын, әсем әуен ой-қиялымызға қанат бітіріп, көңіл сарайына нұрын төгетін, ұлтқа бөлінбейтін музыка әлеміне ұңілдіретін «Әнді сүйсең менше сүй» атты шығармашылық ән кездесуі өтті.

Студенттердің өнерге деген қызығушылығын арттыру және оны құрметтеуге баулу, әндердің түрлері, шығу тарихынан сыр шерте отырып, оқушылардың бойына ұлттық құндылықтарды дарыту, музыка өнері арқылы әсемдік пен сұлулыққа баулу мақсатында өткізілген бұл музейлік сабаққа Казақ Ұлттық Өнер университеті, М.Тынышбаев атындағы көлік және коммуникация колледжі, Менеджмент, бизнес және білім колледжінің студенттері қатысты.

Атап айтсақ, ән өнерінің биік жұлдыздары, композиторлардың ҚР Ұлттық музейде сақталудағы бірқатар заттары слайд арқылы көрсетіліп, бұл жәдігерлер туралы құнды мәлімдеме жасалды. Олардың ішінде Ұлы Абайдың құты, Кенен Әзірбаевтың домбырасы, Шәмшінің бас киімі, пиониносы мен мандолинолары, Роза Бағланова апамыздың сахналық көйлектері, Мәдина Ералиеваның баяны, Ескендір Хасанғалиевтың күртесі, Бибігүл Төлегенова, Нұржамал Үсенбаева, Майра Мұхамедқызының сахналық киімдері және т.б.

Шара барысында ән өнері әр түрлі жанырларда орындалды. Айта кетсек, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің студенттері Серікқан Айбат "Аққұм" атты халық әнін дәстүрлі домбыраның сүйемелдеуімен орындап шықса, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, Қабылқайып Ұлжанның орындауында классикалық жанрда Латиф Хамидидің "Бұлбұл" әні шырқалды. Сондай-ақ, Менеджмент және бизнес колледжінің ұстазы Балманов Жалғас гитараның сүйемелдеуімен "Мәриям Жәгорқызы" әнін әуелетсе, аталмыш оқу орнының студенті Комарова Аружан эстрада жанрында Батырхан Шукеновтың "Дождь" әнін әдемі орындап шықты. Шарада "Қазақстан Дауысы" жобасының қатысушысы Қайрат Сағынтай аспаптың сүйемелдеуісіз жанды дауыста Естайдың "Құсни- Қорлан" әнін шырқады. Сонымен қатар, Шабыт колледжінің студенті Маргарита Шаренко "Дос Мұқасан" ансамблінің репертуарындағы "Бәрінен де сен сұлу" әнінің сюжеті бойынша сурет салып, бейнелеу өнері арқылы әнге сипаттама берсе, "Contemporaryaray danse" тобының бишілерімен "Дәрумен" әні би өнері арқылы пайымдалды.  

Шараны ұйымдастырған Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімі.