М.Жұмабаевтың 130 жылдығына орай әдеби кеш өтті

Бүгін, 12 мамыр Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Мен жастарға сенемін» әдеби кеші өтті.

Шара қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, алаш қайраткері, ақын, педагог, артына өшпес мол мұра қалдырған қаламгер Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Кештің мақсаты: М. Жұмабаевтың өмір жолы, шығармашылығымен оқушыларды таныстыру, қазақ поэзиясын насихаттау және дәріптеу, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Мағжан Жұмабаев - қазақ поэзиясына Абайдан кейін жаңалық болып келген, қазақтың өлең өрнегін мың құбылта жырлаған ақын. Оның шығармашылығы әр өлеңінің үлкен бір ұғымға ие болуымен, ой өрісі мен тіркестерінің ұтымдылығымен ерекшеленеді.

«Алаш қайраткерлері халықты сауаттандыру ісіне ден қойып, біреуі әдебиет, біреуі математика оқулығын жазуды бөліп алады. Енді « мұны қалай оқытамыз, қанша минуттан оқытамыз, қалай тәрбиелейміз?» дегенде Мағжан Жұмабаев мойнына үлкен жүк алып, қазақ даласында тұңғыш «Педагогика» оқулығын жазды. Ең алғаш мұғалім даярлау үшін, балаға білім беру үшін жазылған бұл үлкен еңбек. Кезінде Мағжан атамыз бастау болып, білім берудің жолында қайталанбас еңбек етсе, бүгін соның жемісін өздеріңіз көріп отырсыздар», - деді Ыбырай Алтынсарин атыңдағы № 83 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Оразбай Тұрғанай.

Кеште Мағжан Жұмабаев туралы деректі фильм көрсетіліп, №73 мектеп-лицейінің оқушылары ақын өлеңдерін мәнерлеп жатқа айтты. Қазақ ұлттық өнер университеті «Дәстүрлі ән» кафедрасының студенттері Мағжанның сөзіне жазылған «Ақсұңқар құс», «Сен сұлу» әуендерімен әдеби кештің әрін келтірді.