Алпысбай Қазғұловтың көрмесі ашылды

2023 жылдың 5 мамыр күні Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің және Масарик атындағы Еуропаның алтын медалінің иегері, туындылары тек елімізде ғана емес, шетелде де танымал суретші Алпысбай Қазығұловтың шығармашылығына арналған дөңгелек үстел мен көрменің ашылуы болды.

Дөңгелек үстел барысында суретші Жеңіс Кәкенұлы «Алпысбай Қазғұловтың аты аталса, түрлі түстердің жұмбақ үйлесімінің кілтін тапқан шебер, ешкімге ұқсамайтын сирек шығармашылық иесі көз алдымызға келеді. Осындай көзқарас арқылы адамға рахат сезімін сыйлап, тәнті ету қашанда өз бағасын алады деп ойлаймын»,-деп суретшінің асқан шеберлігін атап өтті.

«Жаңашылдық және авторлық әдістің бірегейлігі» атты дөңгелек үстелде қазақ бейнелеу өнерінің бүгінгі ахуалы, еліміздегі арт-рыноктың қалыптасуындағы өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар Алпысбай Қазғұлов шығармашылық жолындағы қызықты кездерді есіне алып, естеліктерімен бөлісті. Отырыс көрменің ашылуымен жалғасын тапты.

«Сонау Отпан таудан Алтайға, Алатаудан Арқаға дейінгі қазақ даласын, бүкіл философиясын, оның тұрмыс тіршілігін, дала мәдениетін халқына осы қылқалам арқылы жеткізіп келген Алпысбай Қазғұлов ағамыздың көрмесі құтты болсын! Шығармашылығыңызға толағай табыс тілейміз, еліміздің мәдениетін дамыту жолындағы еңбегіңіз жана берсін»,-деп ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов өз сәлемдемесін жеткізді.

Өмірінің 45 жылын бейнелеу өнеріне арнаған суретшінің қайталанбас еңбектерін тізбектей келе Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұртөре Жүсіп:

«Алпекең бүгін өзі салған суреттерінен халық назарына 150-ге тарта шығарманы ұсынып отыр. Адам баласы суреткерлікке жаратылысынан іңкәр болды деуге болады . Алғашқы суреттер сонау петроглиф заманында пайда болса, оны салушылар суретшілердің атасы шығар деп ойлаймын. Ал  сол ізді жалғастырып келе жатқан Алпысбай Қазғұлов бейнелеу өнері арқылы адамзаттың жан әлеміне үлкен мұра сыйлап жатқанына біз куәміз. Сондықтан қиялыңыз, қаламыңыз талмасын»,-деп сөзін аяқтады.

«Көктемгі самғау» - дара тұлғаның дара көрмесі. Алпысбай Қазғұловтың туындылары табиғаттың көзге көрінбес тылсымын сыр шерте отырып, келушілердің көңіл-күйді айшықтайтын, жан дүниесіне үңіле ерекше сезімге бөлейтіні анық.