Абылай ханның 310 жылдығына арналған квест сабақ өтті

Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімі «Шаңырақ» жобасы аясында «Құнды жәдігерлер сыр шертеді» атты квест сабағын өткізді.

Үш жүздің басын біріктірген көрнекті мемлекет қайраткері, қолбасшы және дипломат Абылай ханның 310 жылдығына арналған сабаққа №73 мектеп-лицейінің 7 сынып оқушылары қатысты.

Сабақтың мақсаты: Кез келген іргелі елдің дамуында өткен тарих белестеріне көз жүгірту, оның өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде берері мол. Тарих қойнауынан сыр шертетін құнды жәдігерлермен таныстыру.

Абылай ханның қамқа тоны мен Қаздауысты Қазбек бидің алтын зерлі шапаны баға жетпес құнды жәдігер ретінде көрме залына қойылған. Бабадан қалған мұраны үш жүз жыл сақтау ұрпақтарына оңайға соқпағаны, бабамыздан қалған жәдігердің баға жетпес құнды дүние екенін, шапанның бар қазақтың асыл қазынасы болуға тиіс екені жайында айтылды.

Сабақ барысында балалар үш командаға бөлініп арнайы дайындалған ветринадағы жәдігерлерді табу арқылы сөзжұмбақ және жұмбақ-әңгімені шешті.

Еліміздің елдігін, бірлігі мен тірлігін ойлаған ата - бабамыз ұлтарақтай жері үшін, туған елі үшін жанын берді. Халықтың татулығын, кең байтақ жерінің тәуелсіздігін, елінің мұраты мен келешегін ойлаған ата - бабамыз толарсақтан саз кешіп, ат үстінде елін қорғады. Тарихи оқиғаларды еске түсіріп балалар берілген суреттерді кезең бойынша орналастырып, сипаттап айтып берді.

«Өткенге құрметпен қарап, зұлмат замандарды, жойқын соғыстарды басынан кешіріп осы бейбіт күнді сыйлаған ата-бабаларымыздың арқасында бүгінгі күні өз тәуелсіздігімді алып, егеменді ел болып, әлемге танылып отырмыз. Өз әнұранымыз, өз елтаңбамыз, әрқашан биіктен көрінер туымыз  бар. Бұл біз үшін үлкен қуаныш, үлкен бақыт. Қуанышымыз, жеңісіміз ұзағынан болсын. Өткеннен бізге жеткен асыл мұрамызды көздің қарашығындай сақтайық, өз елдеріңнің патриоты болыңдар!», - деп Гүлжанат Ахметқалиева квест сабақты аяқтады. Оқушылар, сабақтан алған әсерлерімен бөлісіп, көңілді тарқасты.

Ұлттық құндылықтарымызды қадірлеп, қастерлей білейік.