Оқушылар мүсін өнерінің тарихымен танысты

21 сәуір күні Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен «Мүсін өнері» атты шеберлік арт сабағы болды. 

Шара барысында оқушыларға мүсін өнерінің көнеден бергі тарихы жан-жақты түсіндіріліп, саланың бүгінгі даму жайы туралы қызықты деректер айтылды. Сонымен қатар, оқушыларға қазақ Мүсін өнерінің атасы, тұңғыш кәсіпқой мүсінші, 300-ден аса мүсін сомдаған Хәкімжан Наурызбаев туралы мол дерек беріліп, хас шебердің музей қорында сақталып тұрған туындылары таныстырылды.

Мүсін өнерінің қиындығы мен қызығын етене түсіндіру мақсатында Қазақ Ұлттық Өнер университетінің «Мүсін» мамандығының 4 курс студенті Орынбеков Бекзат Дәуренбекұлы мен 3 курс студенті Мәделі Еламан Абдуллаұлы сабақты практикалық тұрғыда жалғастырды.

Сабақ барысында оқушылар мүсінді қалай жасайтынын көріп, аталған өнерге бір табан жақындай түскендей болды.

Жалпы мүсін өнері – әлем тарихының жылнамасы, адамзаттың әдемілікке пен әсемдікке құштарлығынан туындағанын анық сезуге болады. «Өсер елдің баласы тарихын таспен қалар», — деп кемеңгер жазушы

М. Әуезов айтқандай, әсем мүсіндер әр дәуірдің мәйекті мәдениетінен, өрелі өркениетінен һәм терең тарихынан сыр шертеді.

Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Біз өз кезегімізде, болашақта бүгінімізді мүсін өнері арқылы тарихтың бір кірпіші етіп қалайтын жастарға сенімдіміз. Себебі, бала санасына жастайынан сіңірілген өнер, сурет арқылы алған тағылымды әсері оның мәдениетке, елге – жерге, тарихқа деген құрметін арттырып, азамат ретінде қалыптасуына оң ықпал етері сөзсіз.