ҚР Ұлттық музейі мен Отандастар қоры меморандумға қол қойды

20 сәуір күні ҚР Ұлттық музейі мен «Отандастар қоры» КЕАҚ меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Шараның мақсаты – шетелдерде тұратын отандастардың және Қазақстан Республикасына оралған этникалық қазақтарда сақталған әдет-ғұрыптары мен мәдени мұраларын сақтау және зерттеу мәселесі бойынша екі тараптық байланыс орнату.

«Бүгін екі жақты келісім өткізіп, маңызды қадамды бастап отырмыз. Біз де шет қалмай сіздердің атқарып жатқан жұмыстарыңызға бір жағынан жәрдемдессек, бір жағынан бұл Ұлттық музейдің абыройы үшін де маңызды. Бұл біздің бірігіп жасап жатқан жұмысымыздың бастамасы деп білем. Алдағы уақытта сіздердің қолдауларыңызбен өзіміздің жоспарларымызды айқындап, тығыз байланыс жасайтынымызға сенімдіміз»,-деді ҚР Ұлттық музейі директорының м.а. Айбек Жексеналыұлы.

Іс-шара барысында «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Президенті Абзал Сапарбекұлы:

«Ұлтқа жанашыр азаматтар ретінде халқымыздың бай мәдени мұрасын және шетелдегі ұлы тұлғаларымыз туралы жинақтау, олардың еңбектерін елімізге қайтару, тарихымызды зерттеп толықтыру біздің міндетіміз. Өзбекстандағы ғылыми экспедицияда Мәулет Ардаби мырзамен сөйлескенде әлі де қажетті ғылыми экспедициялар бар екеніне көзіміз жетті. Бізді Қытай, Моңғол, Түркия, Өзбекстан елдерімен байланыстыратын ортақ ұлттық мәдениетіміз бар. Осы мәдениеттерімізді зерттеп, зерделеу мақсатында Түркия мемлекетінің Түрксойл меморандумында және Азербайжан мемлекеттік комитетімен ынтымақтастық меморандумына қол қойдық. Зерттеу жұмыстарыңызға сәттілік, бірге жұмыс жасауға дайынбыз»,- деді.

ҚР Ұлттық музейі «Қазақтың дәстүрлі мәдениеті» бөлімінің жетекшісі Ардаби Мәулет Өзбекстан Республикасында жүргізген ғылыми экспедиция нәтижесінде сол жақтағы қазақтардың тың рухани мұраларын дайындау, сұрыптау, іріктеу жұмыстары жоспарланып жатыр деп іс шараның өзектілігіне тоқталып, фольклорлық-этнографиялық экспедиция материалдарынан бейнеролик көрсетті.

Салтанатты жиын соңында ынтымақтастықты арттыруға арналған меморандумға қол қойылды.