Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығы аясында көрме өтті

Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Бейбарыс сұлтан: Мәмлүк мемлекетінің жандануы мен өркендеуінің бастауы» атты фото және архив құжаттарының көрмесі өтті. Шара Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығы аясында ҚР Ұлттық музейі және ҚР Ұлттық архивінің ұйымдастыруымен өткізілді.

Мысыр Араб Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Манал аль-Шиннауи өзінің алғы сөзінде:

«Бейбарыс сұлтан ислам тарихында өзіндік орны бар ерекше тұлға екені белгілі. Ол Египеттің саяси-әлеуметтік және экономикалық дамуына зор үлесін қосты. Алда Каирде даңқты патша, дарынды қолбасшыға арналған мешіттің ашылуы жоспарлануда. Осы жылы Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығын атап өтудеміз. Әрине, айтулы шара мәдени және саяси тұрғыда да тиісті деңгейде аталып өтетін болады. Себебі оның қаншалықты маңызды екендігін түсінеміз. Сонымен қатар осы мерейтой барысында әрдайым бірлесе жұмыс жасауға дайын екенімізді айтқымыз келеді», - деді.

«Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына байланысты іс-шаралар өте көп. Соның бірі Экспо кешенінде ертең кітап көрмесі ашылады. Онда Европа, Египет, Парижден келген түпнұсқа құжаттар мен тарихи тұлғаның өмірі туралы кітаптармен таныса аласыздар. Алдағы уақытта да Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына арналған мәдени күндерді атап өтетін боламыз және шара жалғасын табады деген ойдамыз», - деді шығыстанушы, Нұр-Мүбарак университетінің ғалымы Қайрат Сәки.

Тарихи деректерде ХІV ғасырдағы мұсылман тарихшысы әл-Мақризи: «Қорытып айтқанда, Бейбарыс Исламның ең ұлы патшасы» деп көрсетеді. Оның билеген жылдары араб елдерінде ғылым-білім, мәдениет, әдебиет, сәулет өнері ерекше қарқынмен дамыды. Ірі қалаларда мешіттер мен медреселер, сарайлар, сауда орындары салынған. Сұлтан Бейбарыстың сәулетшілік саласында қалдырған ізі орасан зор. Ол басып алған не қайтарып алған елді мекендер мен қалаларда кем дегенде бір мешіттен салдырып отырған.

Тақырыптық көрмеде Дешті-қыпшақ жерінде туылып, сонау Шам жерінде құлдыққа сатылған, кейін Мысыр жерінде билікке келген әйгілі бабамыз Бейбарыс Сұлтан туралы ҚР Ұлттық архивіндегі құжаттар мен архив материалдары бар. Көрменің екінші бөліміне белгілі ғалым Қайрат Сәкидің жеке қорында сақталған фото материалдары қойылады.