Италия суретшілерінің цифрлық иммерсиялық көрмесі ашылды

Бүгін ҚР Ұлттық музейінде «Италиялық ренессанс – мәңгілік сұлулық» цифрлық иммерсиялық көрмесінің ашылуы өтті. Аталған шара Италия мен Қазақстан арасындағы мәдениет саласындағы ынтымақтастық шеңберінде италиялық Қайта өрлеу дәуірінің суретшілеріне арналған. Италия Елшілігі және ENI Group компаниясымен бірлесіп ұйымдастырылған көрме цифрлы видеотүсірілім түрінде өткізілді.

Көрменің мақсаты – келушілерді италиялық Қайта өрлеудің сұлулығымен сусындатып, өткеннің жауһарларын көрсету.

Көрмеде жылжымалы картиналар, көркем таңдалған жарықтандыру, үйлесімді музыкалық сүйемелдеу және картиналардың бірнеше экранда бір уақытта бейнеленуі сияқты көптеген әртүрлі интерактивті әсерлер қолданылды.

Scripta Manent компаниясының бас директоры Джорджио Армароли: «Мұнда итальяндық Ренессанс әрқайсымызда бұрын-соңды болмаған сұлулықты, әлемді құтқаратын сұлулықты ояту үшін ұсынылған деп пікір білдірсе,

«Көрме бізді заманауи технологияның арқасында өткенге саяхат жасауға мүмкіндік береді. Нағыз өнерде мәңгілік нәрсе бар. Эмоциялар оның берілуі мен бастан өткізуінің өзгеруіне қарамастан әрдайым өнердің маңызды элементі болды. Біз технологияның берген мүмкіндіктерін пайдаландық. Сол арқылы көптеген қазақстандық достарымыз иммерсивті саяхат нұсқасында Қайта өрлеу дәуірінің сұлулығына тәнті болып, оларды жеке көру үшін елімізге баруды жоспарлайды деген үміттеміз», - деп атап өтті Елші Марко Альберти.

Италия – әр кез суретшілерімен әйгілі болған ел. Италиялық авторлардың шығармашылығы, идеялары бүгінде әлемдік өнер мен мәдениеттің негізі болып саналатын классика деуге болады. Жетілдірілген итальяндық технологиялар келушілерге Ренессанстың төрт шебері: Леонардо, Рафаэль, Боттичелли және Микеланджело шығармаларының мәңгілік сұлулығына қызықты саяхат жасауға мүмкіндік берді.

Бұл бастама Италия Елшілігінің 2023 жылға арналған мәдени насихаттау бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Көрме 28 сәуірге дейін жалғасады.