Наурыз мерекесі тойланды

Бүгін, 17 наурыз күні ҚР Ұлттық музейінде «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз: дәстүр мен жаңғыру» атты мерекелік думан өтіп, бүкіл ұжым жаңа жыл мерекесін үлкен сән-салтанатымен қарсы алды.

Биылғы Наурыз мейрамында Мәдениеттерді жақындастыру орталығы, «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы мен Геральдикалық зерттеулер орталығының басшылары, Ұлттық музейдің барлық бөлімдері бас қосып, бір-бірін Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Әр бөлім дастархан жайып, қазақтың ұлттық тағамдарын қойып, дәстүрлі наурыз көже ұсынылды.

Ежелден келе жатқан Ұлы даланың ұлы мерекесі Наурыз мерекесімен ҚР Ұлттық музейінің директорының міндетін атқарушы Айбек Жексеналыұлы Сыдықов музей ұжымын Наурыз мерекесімен құттықтады.

Құттықтау сөзді «Бозоқ» музей-қорығының директоры Сәуле Бөкейханқызы, Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры Асылбек Байжұма, Мәдениеттерді жақындастыру орталығының директоры Үмітхан Дәуренбекқызы жалғастырып, музейіміздің Орталық Азия бойынша тарихымыздың тұңғиығына бастар тамаша саяхат мекені болар ең ірі заманауи музей екендігін атап өтіп, ұжым жұмысына сәттілік тіледі.

Мерекелік думанның жалғасы музыкалық әнмен өріліп, би биленіп, наурыз жөн-жоралғылары жасалды.

Осылайша музей ұжымы күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына келген жаңа жылды қарсы алып, мерекелік көңіл-күйге бөленді.