Ұлттық музейде Наурыз ертеңгілігі өтті

Ұлттық музейде 15 наурыз күні Музей педагогикасы бөлімінің ұйымдастыруымен «Аңыз әлемінде» атты балалар наурыз ертеңгілігі өтті. Музыкалық-поэтикалық театрландырылған қойылымда жылы мен суықтың, жақсылық пен жамандықтың күресі, табиғаттың жаңаруы көрсетіліп, әндер шырқалды. Балалар қойылым әртістерімен бірге би билеп, наурыз бен сал-тәстүрлер туралы сауалдарға жауап берді.

Іс шараның мақсаты – балаларға наурыз мерекесінің қазақ даласындағы орны, Ұлыстың ұлы күні туралы түсінік беру. Наурыз мерекесін ұлттық салт-дәстүрімізбен, әдет-ғұрпымызбен байланыстыра насихаттап, ұрпақтардың өз ұлтына деген сүйіспеншілігін арттыру. Ұлтымыздың дәстүрін, мерекесін құрметтеуге, қастерлеуге тәрбиелеу.

Іс-шараға Астана қаласы мектептері мен балабақшаларынан 200 бала қатысты. Ертеңгіліктен соң балаларға музей бойынша экскурсия жүргізілді.
Наурызға арналған мерекелік думанға балалар үйінің тәрбиеленушілері мен көп балалы отбасының балалары, мүмкіндігі шектеулі балалар тегін қатысты.

Ұлттық музейде 3 күн бойы (15-17 наурыз) күніне екі рет жалпы саны 6 ертеңгілік өткізіледі. Өзіндік өзгеше бір сән-салтанатымен көптің көңіліне қуаныш ұялататын, санамызға сілкініс тудыратын, рухты көтеретін Наурыз көктем мерекесі ҚР Ұлттық музейімізде жылда жалғасын таппақ.