«Берел қазыналары» жылжымалы көрмесі ашылды

Бүгін Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі мен «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы қорларынан «Берел қазыналары» атты жылжымалы көрме ашылды.

Ұлттық музей қоры көне тарихымыздың куәгерлеріне өте бай. Солардың бірі және бірегейі сақ мәденеиетінің жарқын көрсеткіші – Берел қорымындағы зерттеу жұмыстары нәтижесінде табылған сақ-скиф кезеңінің табылымдарын атауға болады.

Берел қорымын ең алғаш болып 1865 жылы Вильгельм Радлов зерттеп, осы ауамақтағы ең алып нысан «Үлкен Берел қорымын» ашқан болатын. Мыңжылдықтар тарихын арқалаған Берел қорымы – Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары қатарына енген қасиетті мекен.

Берел қорымына Вильгельм Радловтың зерттеуінен кейін 100 жыл толғанда Ресей Федерациясының мемлекеттік Эрмитажынан Сергей Сорокин археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді.

Одан кейінгі кезекте есімі Берел ескерткіштерімен қатар аталатын зерттеуші Зейнолла Самашев. Ол 1998 жылы Берел қорымындағы археологиялық зерттеу жұмыстары барысында №11«патшалық обадан» алтынмен апталған 13 тұлпар мен сол заманның көсемі болған бекзада мен әйелдің сүйегін тапты.

Көрмеге Берелден табылған жылқы салтанатының реконструкциясы, жылқының сүйектен жасалған ер-тұрмандары, сақ қорғанынан табылған ат-әбзелдері, қола айна, әшекейлер мен өзге де заттар қойылды.

Көрме 2023 жылғы сәуір айының 14-не дейін жалғасады.