Испан суретшісі Хосе Мария Кано көрмесі ашылды

Бүгін Ұлттық музейде Испания Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен Embajada de España en Kazajstán испан суретшісі Хосе Мария Каноның «Шындық немесе шынайылық?» атты көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Көрменің мақсаты - келушілерді испан мәдениетімен таныстыру, сонымен қатар Хосе Мария Каноның ерекше техникасын көрсету, болашақ суретшілдердің энкаустика техникасына деген қызығушылығын арттыру.

«Хосе Мария Кано - бұл таза өнер. Ал өнер халықтарды біріктіреді. Бүгінгі шара Испания мен Қазақстанды жақындастыра түскендей. Көрменің негізгі тақырыбы ай туралы, себебі ол суретші шығармашылығында басты орынды алады деуге болады. Сіздерге бір құпияны аша кетейін, Кано мырза мұндағы халық бойындағы шынайылық пен тазалықты ерекше бағалайды. Осы нәрсе халықтар достастығын нығайта түседі. Бұл Кано мырзаның екінші рет өткізіп тұрған көрмесі және соңғысы болмайды деп үміттенеміз», - деді Қазақстан Республикасындағы Испания Корольдігінің Төтенше және Өкілетті Елшісі- Хорхе Урбиола Лопес де Монтенегро өзінің құттықтау сөзінде.

Суретші шығармашылығының қайталанбас қырлары туралы Хьюго Рифкинд өз мақаласында «Кано картиналарының беті мөлдір тереңдікке ие, сондықтан олар картиналарға қарағанда мүсіндерге көбірек ұқсайды» деп жазған.

Көрмеде көпшілікті таңғалдырған суретшінің ерекше техникасы туралы айта кетсек, ондағы негізгі байланыстырушы компонент балауыз. Бұл әдіс, яғни материалға «күйдірілген» балауыз бояуларымен кескіндеу ежелгі Египетте белгілі болған. Мысырлық қолөнершілердің балауызды қолдануы қабірлер мен мумияларды бояғанда қанша уақыт өтсе де өзгермейтін материалдар қажет болғандықтан туындаған. Балауыз, бояуға қосылған шайыр сияқты, осы мақсат үшін өте қолайлы қызмет атқарған. Жазбаша деректерде энкаустика техникасы туралы көп мәліметтің жоқтығына қарамастан оған деген қызығушылық азаяр емес.

Экспозицияны 2023 жылдың 27 наурызына дейін Ұлттық музейдің 6 қабатында орналасқан Уақытша көрме залында тамашалауға болады.