Дәстүрлі өнер көрмесі ашылды

Бүгін ҚР Ұлттық музейінде белгілі зергер, педагог, реставратор, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «ЮНЕСКО-ның сапа белгісі» сертификатының иегері, коллекционер Сержан Бәшіров пен ізбасарларының «Текті өнердің шеңбері» көрмесі ашылды.

Көрменің негізгі мақсаты – қазіргі заман шеберлерінің шығармашылығында жаңғырып келе жатқан қазақтың сәндік-қолданбалы бұйымдарын көпшілік назарына ұсыну.

Аталмыш шараға танымал суретшілер, заманауи шеберлер, Сержан Бәшіров шығармашылығының ізбасарлары, халықаралық симпозиумдар мен басқа да көптеген марапаттардың иегерлері, шетелдік, республикалық және облыстық көрмелердің қатысушылары жиналды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің музейлер мен кітапханалар басқармасының басшысы Гүлзейнеп Анафияқызы Пазылова Сержан Бәшіровтың төл мәдениетімізді насихаттаудағы зор үлесін әрі ұстаздық миссиясын ерекше атап өтті.

«Текті өнердің шеңбері» деп қазақтың текті болмысына тән өнерінің өкілі Сержан Бәшіровтың кезекті көрмесіне куә боп отырмыз. Сәкең тек қолынан іс келетін шебер ғана емес, ол халқымыздың өткен тарихын паш ететін, озық үлгілерін жинап, сақтап жүрген коллекционер», - деді тарих ғылымдарының докторы, археолог Зейнолла Самашев.

30 жылдан астам уақыт бойы Сержан Бәшіров Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелде тұратын қазақтардан көздің қарашығындай сақтап жүрген кілемдерін, басқұрлар және басқа да сәндік қолданбалы өнер бұйымдарын өз қаражатына сатып алып, жинап жүр. Бұл топтама – қазақ дәстүрлі өнерін зерттеп жүрген ғалымдарға таптырмас құнды материал.

Көрме қонақтары Сержан Бәшіровтың жеке қоллекциясымен қатар, зергердің өз жұмыстары мен шәкірттерінің туындыларын тамашалады. Наурыз мерекесі қарсаңында ашылған бұл көрме келушілердің қазақ мәдениеті жайлы дүниетанымын кеңейтері сөзсіз.

«Текті өнердің шеңбері» көрмесі сәуір айының 11-жұлдызына дейін жалғасатын болады. Сәндік-қолданбалы өнер жауһарлары музейдің 4 қабатындағы №2 Қазіргі заманғы бейнелеу өнері залында жайғасқан.