Музей мамандары бас қосты

2023 жылдың 16 ақпан күні Ұлттық музейдің Ғылыми кітапханасында Қазақстан музейлерін дамыту жөніндегі үйлестіру-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Халықаралық музейлер күнін атап өтуге арналған республикалық семинар өтті.

Семинарға Қазақстанның республикалық, облыстық, өңірлік музейлер қызметкерлері қатысты. Соның ішінде 100-ден артық қызметкер онлайн форматта қатысса, 25 қызметкер музейге келіп, өз ойларын ортаға салды.

Музей күнін атап өту әлем бойынша көп музейлерде өтеді. Ұлттық музей де бұл игі шарадан тыс қалмай, 2015 жылдан бері Музей күнін атап өтуді дәстүрге айналдырған.

«Бүгінгі таңда Қазақстанның және шет мемлекеттердің музейлерінде өтіп жүрген үздік, қызықты жобаларды музей қызметкерлеріне үлгі ретінде таныстыру өзекті болып отыр. Сондықтан, бұрынғы өткен шараларға жан-жақты сараптама жасап, бірқатар шаралардың креативті өтуіне ықпал етуіміз қажет», - деп атап өтті Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы Айбек Жексеналыұлы Сыдықов.

Семинар барысында ҚР Ұлттық музейлерін дамыту жөніндегі үйлестіру-әдістемелік орталығының қызметкерлері Қуат Адельчанов пен Ләззат Нуркеева «Музей түні» акциясы: отандық және шетелдік музейлер тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің музей педагогикасы және жобалау қызметі бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Жұбаниязова және Невзоров отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінің ғылыми-методикалық және көрме жұмысы жөніндегі директор орынбасары Гүлнар Бүркітова «Музей түні» акциясын ұйымдастыру тәжірибелерімен бөлісті.

Семинарға жиналғандар музей беделін арттыру, келушілердің білімін жетілдіру үшін стандартты емес әдіс-тәсілдер қолдану керектігін алға тартты. Семинар соңында оффлайн қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.