"Өнермен өрілген ғұмыр" көрмесі шет елде жалғасады

2023 жылдың 8 ақпан күні Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Қазақ КСР Халық әртісі Бикен Римованың 100 жылдық мерейтойына орай «Өнермен өрілген ғұмыр» тақырыбында жылжымалы көрме ашылды.

Аталған шара Жетісу облысының Б.Римова атындағы драма театры мен М.Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейімен бірлесіп өткізілді. Көрмеге әртістің жеке заттары, марапаттары, әр рөлде киген көйлектері, фотосуреттері қойылды.

Бикен Ырымқызы өнеріндегі ерен еңбегі үшін Қазақ КСР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қырғыз өнерінің еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері атанды. Көп қырлы дарын иесі театр, кино өнерімен шектелмей, жазба өнерінде және қазақ әдебиетінде еселі еңбек етті.

«Жер жаннаты – Жетісуда дүниеге келген Бикен Римова өмірінің 60 жылға жуығын театр өнерін дамытуға арнады. Театр және кино өнерінде 170-ке жуық рольдерді сомдады. Қазақ өнерін асқақтатқан Бикен Римованың есімі ел ішінде де, халықаралық деңгейде де танылуы тиіс», - деп атап өтті ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Данияр Алиев өзінің құттықтау сөзінде.

Шараға жиналған қонақтар да әйгілі әртістің өнегелі өмір жолы, сырлы естеліктерімен бөлісіп, көзін көрген театр саңлақтары қазақтың өнерпаз тұлғасының көп қырлы дарындылығы туралы сөз қозғады. Олардың қатарында Бикен Римованың қызы Меруерт Құсайынова, театр және кино өнерінің майталмандары, Қазақ КСР Еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешова мен Алмахан Кенжебекова.

Көрме ақпан айының соңына дейін жұмыс істейді. Бикен Ырымқызының өнегелі өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін көрмені Ұлттық музейдің 2 қабатында орналасқан атриумнан тамашалауға болады.