Ғылыми жинақ жарық көрді

Бүгін музей қабырғасында «Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ғылыми зерттеу жұмыстары: басым бағыттары және нәтижелері» атты дөңгелек үстел өтті. Музей ғалымдары 2022 жылы атқарған ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен таныстырды.

Ең басты жаңалық – «Қазақстандағы археологиялық зерттеулер – 2021» ғылыми жинағының жарық көруі. Мұндай жинақ отандық археология тарихында алғашқы рет шығарылып отыр. Ежелгі тас дәуірінің тарихынан бастап этнографиялық уақытқа дейінгі межені қамтыған еңбек, қазақ ғылымына қосылған үлкен олжа саналмақ.

Сонымен қатар Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары, Республикалық «Отандастар» қорымен бірлесе отырып жасалған Өзбекстан Республикасында жүргізілген музыкалық-фольклорлық экспедиция жұмыстары туралы баяндалды. Ағымдағы жылы материалдық емес мәдени мұраның 600-ден астам үлгісі жинақталған.

Дөңгелек үстел аясында ҚР Ұлттық музейі ғалымдарының далалық зерттеу жұмыстары барысында жинақталған жалпы саны 78 бірлік жәдігер көрмесі ұйымдастырылды.