Жапон көрмесі ашылды

2023 жылғы 1 ақпан күні Ұлттық музейде «Рухани шыңға жету жолында: Жапония өнері» атты көрме ашылды. Келушілер назарына PepeIsneg ParIour  галереясы және Kazakhstan Japan Trading компаниясының әсем бұйымдары ұсынылды. 

Аталмыш шара Қазақстан мен Жапония арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына арналып отыр. Көрме Қазақстан Республикасындағы Жапония Елшілігі мен JICA түлектері қауымдастығының қолдауымен өткізілді.

«Рухани шыңға жету жолында» - бұл бейбітшілік пен үйлесімділік, тыныштық пен таңғажайыпты еркін сезінуге болатын, ерекше күйге бөлейтін өнер бұйымдарының экспозиция топтамасы. Көрмеге техникасы мен көркемдік стилі үйлесім тапқан, «шексіз сұлулық» идеясын айқын көрсететін тұрмыстық заттар таңдап алынған.

Көрменің мақсаты – Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтықмақтастықты нығайта отырып, Жапон мәдениеті мен философиясының ерекшелігімен таныстыру.

Жапонияның әсем бұйымдарын музейдің 5-қабатында орналасқан уақытша көрме залынан тамашалауға болады. Көрме ақпан айының соңына дейін жұмыс істейді.