Ұлттық музейде тактильді экспозиция ашылды

Ұлттық музейде «Дара» қоғамдық қорының қолдауымен мүмкіндігі шектеулі келушілер үшін «Қолжетімді музей: барашаға арналған мәдени мұра» жобасының тұсаукесері өтті.

Аталмыш жобаға «Шеврон» компаниясы демеушілік көмек көрсетті. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Данияр Әлиев тактильді экпонаттардың маңыздылығына тоқталып, Абай «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» демекші мемлекет пен бизнес өкілдерінің бірлесіп, қоғам үшін маңызы зор жобаларды жүзеге асыруы – игі бастама екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы елімізде теңқұқықты өмір сүру үшін барлық жағдайды жасау керектігін үнемі айтып келеді. Халықаралық зағиптар күнімен тұспа-тұс келетін «Қолжетімді музей» шарасы – бұл қағидаттың жарқын көрінісі», - деді Мәжіліс депутаты Мақпал Тәжмағамбетова.

Жоба аясында 16 музейлік экспонат, сондай-ақ Ұлттық музей залдарының ішкі және сыртқы көрінісі кәсіби сипатталды, дыбысталды және аудиогидтерге жазылды. Сондай-ақ, шебер-реставраторлар мен мүсіншілер 20-дан астам музей экспонаттарының тактильді модельдерін жасады, бұл көру қабілеті нашар келушілерге «қолмен ұстап көруге» мүмкіндік береді.

Ал есту қабілеті нашар келушілер үшін барлық залдарда қазақ және орыс тілдерінде сурдоаудармасы бар бейне экскурсиялар көрсетілетін ақпараттық дүңгіршектер орнатылды. Бұл бейнематериалдарды музей залдарына экскурсия кезінде ұсынылған планшеттерден де көруге болады.

Мәжіліс депутатары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстелде мәдениет және спорт нысандарының және олардың қызметтерінің мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Дөңгелек үстел қорытындылары бойынша резолюция жобасы дайындалып, тиісті ведомстваларға жолданбақ.