«Берел» ғылыми-зерттеу қоры ашылды

18 қараша күні ҚР Ұлттық музейінде белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Самашевтың 75 жылдық мерейтойына арналған бірқатар іс-шара өтті.

Мерейтойлық іс-шара «Берел» ғылыми-зерттеу қорының ашылуымен басталды. Онда З. Самашев жетекшілік еткен археологиялық экспедицияның әр жылдары «Берел» сақ қорғандарынан тапқан бірегей артефактілері жинақталған. Қорға енген 2 мыңнан астам археологиялық зат зерттеуден өтіп, жүйеленіп, қалпына келтірілген. Олардың ішінде алтын бұйымдар мен әшекейлер, ат әбзелдері мен қару-жарақ түрлері, ағаш қималары мен діңгектерінің бөлшектері бар. «Берел» қорында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын ғалымдар, тарихшылар, археологтар, сондай-ақ магистранттар мен докторанттар жұмыс істейтін болады.

Іс-шара «Дала қорғандарының құпиялары» атты көрменің ашылуымен жалғасты. Онда алғаш болып сөз алған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов мерейтой иесінің қазақ тарихының қайта түлеуіне қосқан елеулі үлесін ерекше атап өтті. Сондай-ақ ғалымға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың құттықтау хаты мен «Мәдениет саласының үздігі» медалін табыстады. Одан кейін сөз алған Шығыс Қазақстан облысы Мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов болса, мерейтой иесіне деген тілегін жыр жолдарымен жеткізді.

Шарада Шығыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасы Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорындағы жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды. Көрме Қазақстан және алыс шетелдерге белгілі археолог З.Самашевтың қазақ археологиясына қосқан теңдессіз үлесін насихаттау мен оның ғылым жолындағы ашылымдарын келешек ұрпаққа танытуды мақсат тұтты.

Мерейтойдың жалғасы «Қазақстан археологиясының өзекті мәселелері: ескерткіштерді зерттеу, қорғау және музеефикациялау» атты дөңгелек үстелге ұласты. Іс-шараға ғалымдар, тарихшылар, археологтар, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты. Онда археологиядағы бүгінгі кезек күттірмейтін мәселелер талқыланып, өзекті тақырыптар қаузалды.

Зейнолла Самашев – ғылыми айналымда Берел қорымы, Аралтөбе, Сарайшық ескерткіштеріне жүргізген қазба жұмыстарының авторы. 2010 жылы «Тарихи дерек көзі ретінде Қазақстанның жартастағы бейнелері» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғаған. Соңғы жылдары Қазақстанның шығыс өңіріндегі Зейнолла Самашев жетекшілігімен жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары оң нәтижесін беруде. Атап айтар болсақ, Елеке сазы патшалар жазығындағы «Алтын адам» Түркі дәуіріне тән қаған кешені, Ақбауыр сақ заманының қоныстары Қазақстан археологиясында теңдессіз жаңалық әкелген.

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері З. Самашев бүгінгі таңда 300-ден аса ғылыми мақала мен 20-ға жуық ғылыми монография авторы. Ғалымның археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің экспозицияларын толықтырып тұр.

Кеш соңында Зейнолла Самашев өзінің мерейтойына арналған сыйлықтар мен марапаттарға өз алғысын білдіріп, ел тарихының құнды жәдігерлерін зерттеп, әлі де аянбай еңбек ететіндігін жеткізді.