«Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасының 2019 жылғы қорытындысы

2019 жылғы 18 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» музей жобасының 2019 жылғы қорытындысы бойынша баспасөз мәслихаты өтті. Сондай-ақ шара барысында шетелдік әріптестермен музей қызметі саласында тәжірбие алмасуға арналған кездесу болды.

Халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» музей жобасының мақсаты – Есік қорғанынан табылған «Алтын адамды» әлемнің жетекші музейлерінде көрсету арқылы шетелдік көрермендерді халқымыздың ежелгі тарихымен, бай мәдениетімен және қайталанбас өнерімен таныстыру.

2019 жылы халықаралық жоба «Қазан Кремлі» музей-қорығының «Манеж» көрме залынан бастау алды. Одан әрі «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесі Өзбекстанның, Солтүстік Македонияның, Түркияның, Малайзияның және Грекияның жетекші музейлерінде ойдағыдай өтті. Үш жылдың ішінде Қазақстанның символы болған «Алтын адам» алыс-жақын 12 мемлекетте көрсетілді.

Мемлекеттік «Қазан Кремлі» қорық-музейі жанындағы Ислам мәдениеті музейінің директоры Ильнур Низамиев: «Алтын адамның көрмесін біздің еліміз өте жылы қабылдады деуге болады. «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесі Мемлекеттік «Қазан Кремлі» қорық-музейінің «Манеж» көрме залында ұйымдастырылды. Арнайы экскурсия дайындалды. Көрме археологиялық қазбаларымен ерекешеленеді. Қазақстанның мәдени мұрасы, тарихи жәдігерлерімен танысуға тек жергілікті халық қана емес, Татарстанға келген туристер де зор қызығушылық танытты. Қазақстанның Ұлттық музейімен Татарстан музейлері арасындағы мәдени байланысты дамыту мақсатында 2020 жылы Ислам дінінің тарихын насихаттайтын үлкен көрме әкелуді жоспарлап отырмыз», - деп, Татарстан Республикасы Мәдениет министрлігінің атынан ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына және аталған көрмені ұйымдастырушы бірқатар қызметкерлерге алғыс хат тапсырды.

Көрмеге ұсынылған экспонаттар дала өркениеті тарихының және көшпенділер империясының гүлденуі мен ұлы жеңістерінің айғағы болып табылады. Киімдері алтын жапсырмалармен әшекейленген Алтын адамның реконструкциясы көрменің негізгі экспонаты саналды.

Көрме көшпенділер мәдениетінің қалыптасуын, ежелгі металлургияның дамуын, сақ дәуіріндегі аң стилінің ерекшелігі мен сабақтастығын, Ұлы Жібек жолының ортағасырлық қала мәдениетіне өзіндік әсерін жан-жақты таныстырды. Қазақтардың дәстүрлі сәндік-қолданбалы өнерін ұсыну арқылы Қазақстан аумағын мекендеген халықтардың дәстүрі мен өнер сабақтастығы, әрбір экспонаттың семантикалық терең мәні насихатталды.

Малайзия Музейлер департаментінің саяси және стратегиялық жоспарлау бөлімінің кураторы Мастура бинти Мохд Сах: «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесі малайзиялықтарды қатты таңдандырды. Қазақстанның ежелгі тарихын, мәдениетін, бай мұрасын көру үшін біздің музейге мемлекеттік орган, қоғамға танымал азаматтар көп келді. «Алтын адамның» өзіне балалар ерекше қызығушылық танытып, оларға арнайы квест сабақтар ұйымдастырылды. Туристік ұйымдар елімізге келген қонақтарды аталған көрмеге арнайы әкеліп, бұл көрмемен таныстырды. Жалпы бұл көрме екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты нығайта түседі», - деп өз пікірін білдірді.

Қорытынды баспасөз мәслихаты аясында Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Есік «Алтын адамын» тапқан ұлттық археологтар мектебінің негізін қалаушылардың бірі Кемал Ақышевтың туғанына 95 жыл толуына арналған деректі фильм таныстырылды.

Сонымен қатар шара барысында 2019 жылы 6 мемлекетте өткізілген «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесі туралы 6 томдық каталогтың тұсауы кесілді. Аталған еңбекті ҚР Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ғылыми зерттеу институты құрастырған болатын.

«Халық қазынасы» ғылыми зерттеу институты басшысы Ақан Оңғар: «Бұл халықаралық көрме жобасының тақырыбын 2018 жылы сақтардың зергерлік өнеріне арнағанбыз. Шетел азаматтарының біздің ел туралы көп білмейтіндіктерін байқап, олардың тарапынан жан-жақты сұрақтар туындап, тарихын танығылары келгендіктен, биылғы жылғы көрмеде тәуелсіздіктің нышаны саналатын «Алтын адамды» басты экспонат ретінде ала отырып, қазақ халқының және жерінің тарихын көрсетуге тырыстық. Әр елде өткен көрмеге жеке каталог арнап, әр көрменің мазмұны, ерекшелігіне кеңінен тоқталдық», - деп «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесіне арналған үлкен еңбек туралы айтып өтті.

Баспасөз мәслихаты Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының орынбасары Алмаз Шайкенұлы Нұразхан, Ислам мәдениеті музейінің директоры Ильнур Низамиев (Татарстан), Өзбекстан Мемлекеттік өнер музейінің директоры Васила Салиховна Файзиева, Солтүстік Македония Ұлттық археологиялық музейінің директоры Горан Санев, Анадолы өркениеттері музейінің директоры Юсуф Кирач, Малайзия Музейлер департаментінің саяси және стратегиялық жоспарлау бөлімінің кураторы Мастура бинти Мохд Сах, Афины Эпиграфиялық музейі директорының орынбасары Иоанна Вениери қатысты.

Баспасөз мәслихаты барысында елорда қонақтары мен тұрғындары үшін Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорларынан «Қазақ Алтайының қазыналары» атты көрменің ашылуы болды. Көрмеде Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданында археолог-ғалым З.Самашевтың жетекшілігімен 2018-2019 жылдары жүргізілген археологиялық экспедиция барысында «Елеке Сазы» қорғанынан табылған байырғы сақ мәдениетінің бірегей алтын бұйымдары ұсынылды.

Көрменің ашылу салтанатында сөз алған ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Ұлттық музейдің 5 жылдық мерейтойын атап өту барысына «Елеке сазы» қорғанынан табылған «Алтын адамды» таныстыру рәсімі тұспа-тұс келіп отыр. Бұл археологиялық олжаны тапқан Зейнолла Самашевқа алғысымды білдіремін. Ол осыдан 20 жыл бұрын алғаш рет «Берел жылқыларын» тауып, дүниежүзін дүр сілкіндірген еді. Біздің жеріміздің осындай көне тарихи мұраларға, құнды бұйымдарға бай екенін бәріміз білеміз, сонымен мақтанамыз», - деді.    

Тарих ғылымдарының докторы, академик Зейнолла Самашев: «Қадірлі, достар! Бұл ерекше оқиға. Ұлттық музейдің 5 жылдық мерейтойына орайластырып, Шығыстан табылған құндылықты сіздерге таныстырып отыр. Арнайы көрме жасағаны үшін Ұлттық музейге алғысымды білдіремін. Бұл 2 жыл бұрын Тарбағатай тауларынан табылған тоналмаған екінші Алтын адам. Алғашқы тоналмаған «Алтын адам» Есік қорғанынан табылғанын білесіздер. Екінші алтын адам өте жақсы сақталғандықтан, аз уақытта зерттеп, ғылыми реконструкциясын жасадық», - деді.

Көрмеде «Елеке Сазы» қорғанынан табылған жетінші «Алтын адамның» т.ғ.д. профессор З.Самашев жасаған ғылыми реконструкциясы алғаш рет таныстырылды.