«Әлем бейнесі» арт-жобасының көрмесі ашылды

Ұлттық музейде «Әлем бейнесі» арт-жобасының көрмесі өтті.

Мақсаты – жер бетіндегі бейбітшілік пен келісімді қалпына келтіруге шығармашылық үлес қосу, сондай-ақ, үйлесімділік пен достық сияқты құндылықтардың нышаны ретінде адамдарды бір өнер туындысы арқылы біріктіру.

Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, дипломатиялық қоғамдастық өкілдері, өнер жұлдыздары мен танымал спортшылар қатысты.

«Әлем бейнесі» арт-жобасы – әлемнің түкпір-түкпірінен келген азаматтардың қылқалам және бояулардың көмегімен өз қолтаңбасын қалдырған Жер планетасының кенептегі түп бейнесі. Кенептің өлшемі планетамыздың кішірейтілген физикалық параметрлерінің ұзындығы мен еніне сәйкес келеді.

Арт-жоба қылқаламмен сурет салып, оны әрі қарай тізбек арқылы таратқан адамдардың көптігімен Гиннестің рекордтар кітабының сертификатына ие болды.

Айта кетейік, аталған жоба 2021 жылғы 28 қазанда Дубайда Қазақстан Республикасы Ұлттық павильонының аумағында дүниежүзілік EXPO 2020 көрмесі аясында бастау алды. Бірнеше ай ішінде жобаға мәдениет, өнер, спорт, бизнес және саяси тұлғалар қатысты.  

Ал, 2022 жылдың қыркүйек айында Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде «Әлем бейнесі» көрмесі ұйымдастырылған болатын.