Қырғыз суретшілерінің көрмесі ашылды

Ұлттық музейде Қазақстан Республикасындағы Қырғыз Республикасының Мәдениет күндері аясында «Бастау» көрмесінің ашылуы өтті.

Мақсаты – Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстарды жүзеге асыру және көрермендерді қырғыз өнерінің майталман шеберлерінің туындыларымен таныстыру.

Көрменің ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы Айбек Сыдықов екі ел арасындағы достық қарым-қатынасқа тоқталып өтті.

«Бүгін Ұлттық музейде ашылғалы отырған «Бастау» көрмесі түбі бір түркі жұртынан таралған қазақ және қырғыз ұлттарының өнераралық нәзік байланысын суреттейді. «Қазақ-қырғыз бір туған», - дейді қос халық. Қиын-қыстау кездерде, жаймашуақ кездерде де екі халықтың алыс-берісі мен барыс-келісі үзілген емес. Оған соңғы жылдары жүзеге асырылған мәдени, ғылыми іс-шараларды мысал ретінде келтіруге болады. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынас одан әрі нығайып, мәдени байланысымыз тереңдей берсін!», - деді А. Сыдықов.

Көрмеге қырғыз суретшілерінің негізгі жанры – пейзаж және сюжеттік-тақырыптық туындылары қойылды. Шара барысында қырғыз өнерінің майталман шеберлері Ұлттық музей қорына екі туындыны тарту етті.

Қырғыз кескіндемесі пейзаж этюдынан жетілді, сондықтан оның ерекшеліктері кез келген суретшінің этюдтық жұмысқа, табиғатты бейнелеудегі кез келген дәстүрлерге деген көзқарасымен анықталады.

Іс-шараға қоғам қайраткерлері, суретшілер, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты.

Айта кетейік, 26-29 қазан күндері Қазақстан Республикасында Қырғыз Республикасының Мәдениет күндері өтуде. ағдарламаға сәйкес, мәдениет күндері аясында көптеген іс-шара жоспарланған.