Ғылыми кеңес отырысы өтті

10 қазан күні ҚР Ұлттық музейі Ғылыми кеңесінің отырысы өтті. Жиында ғылыми кеңестің жаңартылған құрамын бекітіп, ережесіне өзгертулер енгізу мәселесі қаралды.

Сонымен қатар кеңес мүшелері «Қазақстандағы археологиялық зерттеулер – 2021» жинағын баспаға шығару жайын талқыға салды.

Мәдени мұраны ғылыми-зерттеу институты дайындаған жинақта 2021 жылы Қазақстанда жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижелері берілген. Онда қазба жұмыстарының мәліметтерін жариялау, тарихи-мәдени мұра саласындағы құқық бұзушылық, қазба жұмыстарына рұқсат беру мәселесі жайында кеңінен айтылған.

Ғылыми кеңес мүшелері Қазақстан археологиясы үшін маңызы зор бұл жинаққа оң бағасын беріп, баспаға шығаруды қолдады.

Алқалы жиында қаралған келелі мәселелердің бірі – «Мәдени мұра» ғылыми журналының жаңартылған редакциялық құрамын бекіту.

Кеңес мүшелері журналды алдағы уақытта Жоғары аттестациялық комиссия (ВАК) талаптарына сай келетін басылымдар тізіміне енгізуге байланысты басылымның мазмұнына жауап беретін редакция құрамын қайта қарауды ұсынды.