Қарттарын құрметтеген ел ардақты

Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімі «Шаңырақ» жобасы аясында 1-қазан Халықаралық қарттар күніне орай «Қарттарын құрметтеген ел ардақты» атты Ұлттық музей кәсіподақ ұйымымен бірлесе қайырымдылық концерт өткізді.

Қарттар күнін атап өтудегі басты мақсат - әлеуметтік жағынан аз қорғалған қарт адамдарға, аға буын жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедектерге көңіл бөлу, оларға материалдық, қайырымдылық көмек көрсету.

Қарттар күніне арналған іс-шаралар ұйымдастыру игі дәстүрге айналып келеді. Соңғы төрт жыл бойы музей ұжымы қарияларды шақырып, кездесу өткізеді.

Мерекелік кешті Ұлттық Музейдің ғылыми хатшысы Саялбек Ғизатов ашып берді. «Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың орны біз үшін бөлек. Сіздер жас ұрпаққа әрқашан төзімділіктің, даналықтың үлгісі болып келесіздер. Себебі, еліміздің өсіп-өркендеуіне әрқайсыларыңыздың қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен. Талай жасты тәрбиелеп, ізбасарларыңызды өсірдіңіздер. Өмір жолдарыңыз келешек ұрпаққа табылмас қазына», - деді ол.

Мерекелік шараға «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан 23 қонақ қатысты. Қарттарға дастархан жайылып, сыйлықтар берілді.

Мерекелік кеште Ұлттық музейдің қызметкерлері ән салып, соңында қарттар үйінен келген қариялар да өз өнерлерін ортаға салды. Қонақтар концерттен алған әсерлерімен бөлісіп қуаныштарын жасыра алмады.

Бұған қоса, құрметті қонақтарға музей залдарына экскурсия жүргізілді.

Қариялар Ұлттық музей ұжымына игі тілектері мен алғыстарын айтып, көңілдері бір марқайып, ризашылықпен тарқасты.