Мұхтар Әуезовке - 125 жыл

Бүгін саналы ғұмырын қазақ әдебиетін дамытуға және халықтың ағарту ісіне арнаған ғұлама ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ғылым академиясының академигі Мұхтар Әуезовтің дүниеге келген күні. Жыл басынан бері заңғар жазушының 125-жылдығына орай сан түрлі шаралар өтуде.

М. Әуезов – есімі ел есінде мәңгі сақталған аса көрнекті тұлға. Абайдай ұлт мақтанышын дүниежүзіне танытқан қаламы қарымды қаламгер. Ол өзі де «Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан» дейді.

Ал Ш. Айтматов: «Бұл роман – бүкіл түркі тілдес халықтардың, оның ішінде өткендегі көшпелі халықтардың да адамзат мәдениетіне қосқан зор үлесі. Әлемді көз алдыңа келтіру үшін, басқалардың көзіне түсу үшін, адам рухының қадір-қасиетін асқақтата көтеріп, жар салу үшін өз биігің – Мұхтар Әуезов сияқты асқар шыңың болу керек» деп баға берген.

Былтыр Астана қаласындағы №86 мектеп-гимназиясына М.Әуезовтің есімі берілді. Осылай ел тарихындағы елеулі тұлғаларды ұлықтау – халықтың парызы. Сондықтан бұл жаңалық ел үшін ерекше маңызға ие.

ҚР Ұлттық музейі Мұхтар Әуезовтің өнегелі өмірін жастарға насихаттау, білімдерін жүйелеу мақсатында М. Әуезов атындағы мектептің мұғалімі Шамахова Ақманат Ибрайқызын шақырып, №49 орта мектеп оқушыларына арнайы дәріс өткізді.

Ақманат Ибрайқызы оқушыларға жазушының өмірбаяны, еңбек жолы мен шығармашылығы жайлы баяндаса, экскурсия жүргізушісі Майра Тұрсынқызы Ұлттық музей қорындағы М.Әуезовтің фотосуреттері, хаттары және қолжазбаларына тоқталды.

Дәрістен кейін оқушылар музейдің залдарын аралап, еліміздің ғасырлар қойнауында жатқан тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін экспонаттармен танысты.