Ұлттық музейде Сауд Арабиясының Ithra мәдениет орталығының көрмесі өтеді

Ұлттық музейде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев пен Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық және умра министрі Тауфик бен Фаузан әл-Рабиа кездесіп, екі ел арасындағы туризмді дамыту мәселелерін талқылады.

Тараптар Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында мәдени-танымдық нысандардың өзара ынтымақтастығы жайлы да сөз қозғады.

Алдағы уақытта Король Абдулазиз атындағы әлемдік мәдениет орталығы (Ithra) Ұлттық музейде заманауи технологиялардың көмегімен Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірі туралы баяндайтын көрме ұйымдастырмақ.

Кездесуден кейін құрметті меймандар үшін Ұлттық музейдің экспозициялық залдарына экскурсия жүргізілді. Қонақтар барыстарға ерекше назар аударды. Қазіргі таңда Сауд Арабиясында барыстарды және басқа да жыртқыштарды сақтау мәселесімен айналысады, сондықтан делегация мүшелері сирек кездесетін жануардың Қазақстанда таралуына қызығушылық танытты.

Қонақтардың назарын аударған жәдігердің бірі – Алтын адам. Делегация мүшелеріне Алтын адамның тарихы, сақтардың аң стилі, әшекейлер мен костюм бөлшектерін жасауда қолданылатын металдың сапасы жайлы айтылды.

Қонақтар Ұлы даланың тарихы мен мәдениетін паш ететін мәдени ошақтың жұмысына жоғары бағасын берді. Кездесу соңында министр Тауфик бен Фаузан әл-Рабиа ізгі тілегін білдіріп, Құрметті меймандар кітабына өз қолтаңбасын қалдырды.