Аналар күніне арналған музейлік сабақ өтті

Ұлттық музейдегі «Менің Қазақстаным» балалар орталығында «Аналар – асыл жандар» атты музейлік сабақ өтті. Сабаққа №78 мектеп-лицейінің 5 сынып оқушылары қатысты. Бұл шара 18 қыркүйек – Аналар күніне орай ұйымдастырылған.

Сабақтың мақсаты - жанұядағы ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту, балаларды мейірімділікке, аналардың өлшеусіз еңбегін бағалай білуге, анасын сүю арқылы еліне деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, сонымен қатар оқушылар бойындағы жеке қабілеттері мен таланттарын дамыту, адамгершілікке, ізгілікке, достықты қастерлей білуге тәрбиелеу.

Сабаққа музей саласында көп жыл еңбек етіп, бүгінде құрметті еңбек демалысында жүрген, «Алпамыс», «Ұлбике» сахналық қойылымдарында ана образын сомдаған, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, 11 немере, 7 шөбере көріп отырған аяулы ана, ардақты әже Сұлушаш Елубайқызы қатысты.

Сұлушаш апа балаларға ананың ақыл-парасатын, қасиетін, отбасындағы тәрбиенің рөлі жайында айтып өтті. Оқушылар ана туралы өлеңдер оқып, күй тартты.

Тарихта ақыл-парасатымен, тапқырлығы мен батылдығы, дуалы сөзі мен дара өнерімен көзге түсіп, бүгінгі күнге дейін ел жадында қалған асыл аналарымыз бен дана қыздарымыз өте көп болған. Қиын-қыстау жаугершілік заманда ақылымен ел билеген, айбатымен жауға қарсы тұрған аналарымыздың атымен бүтіндей ру мен ел аталып кеткен оқиғалар тарихта белгілі. Аналарымыз елін қорғаса да, бір әулеттің киелі отын сөндірмеуді бәрінен маңыз тұтқан. Осы жайында экскурсия бөлімінің әдіскері Айгүл Нуриденқызы оқушыларға экскурсия жүргізіп толық айтып берді.