Оқушылар тарих сабағын Ұлттық музейде оқиды

ҚР Ұлттық музейінде «Музейдегі мектеп күні» атты мәдени-білім беру жобасының тұсаукесері өтті.

Іс-шараға ҚР мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыұлы, мектеп директорлары, мұғалімдер мен оқушылар қатысты.

Аталмыш жоба музей заттары мен коллекцияларын пайдалана отырып, 5-9 сынып оқушыларының Қазақстан тарихы бойынша теориялық білімін практика жүзінде бекітуге бағытталған.

Сабақтар әр бейсенбі сайын ҚР Ұлттық музейінің экспозициялық залдарында жүреді. Интерактивті сабақтарды музейдің зерттеуші-ғалымдары, экскурсия жетекшілері Нұр-Сұлтан қаласы орта мектептерінің тарих пәні мұғалімдерімен бірігіп өткізеді.

Сабақтардың тақырыбы мен мазмұны ҚР Оқу-ағарту министрлігі бекіткен оқу бағдарламасына сәйкес келеді. Әр сабақтың ұзақтығы 35-45 минут аралығында болады. Сабақ кезінде оқушылар музей экспозицияларындағы жәдігерлерді ортаға алып қарайды, көшірмелерін ұстап көріп, жақын таныса алады.

Бұған қоса, «Музейдегі мектеп күні» жобасы онлайн форматта да жүзеге асырылмақ. Ол үшін ҚР Ұлттық музейінің мамандары арнайы сценарийлер дайындап, 5-7 минуттық бейнесабақтар түсірді. Дайын сабақтар мектептердегі оқу бағдарламасының күнтізбесіне сәйкес ҚР Ұлттық музейінің ресми сайтына салынады. Бұл бейнесабақтар жобаның ауқымын кеңейтіп, бүкіл Қазақстан оқушыларын қамтуға мүмкіндік береді.

Бүгін аталмыш жоба аясында Ұлттық музейде алғашқы сабақтар өтті. Археология залына жайғасқан 5-сынып оқушыларының сабағы тас дәуіріне арналса, 7-сынып оқушыларына қазақ-жоңғар шапқыншылығынан сыр шертетін музей жәдігерлері көрсетілді. Оқушылар сабақта белсенділік танытып, музей мамандары ұсынған археологиялық құндылықтармен танысты.