Ұлттық музейде «Қазақстан аумағындағы діндердің тарихы» атты көрме ашылды. Экспозиция Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының VII съезіне орайластырылған.
Көрменің мақсаты - Қазақстан аумағында таралған әлемдік діндердің негіздерімен таныстыру, діннің пайда болуының алғышарттарын, негізгі даму заңдылықтары мен ерекшеліктерін көрсету.
Көрмеге 100-ге жуық экспонат қойылған. Соның ішінде құран қолжазбалары, қарахан монеталары, хан мөрлерiнiң көшірмелері, құрбандық шалатын тастан жасалған үстел, киелі кітап, шам қойғыштар, бірлестікке арналған тостағандар, салттық музыкалық заттар, кәдесыйлар, таспықтар, будда монахының мүсіні және т.б. құнды жәдігерлер бар.
«Әр елдің рухани негізін тіл мен дін қалыптастырады. Ұлы даланың тарихы, соның ішінде еліміздің дін тарихы келген қонақтарымызға қызықты да маңызды болатынына сеніміміз мол», - деді ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев.
Аталмыш шараны ҚР Ұлттық музейі, «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөнiндегі Н. Назарбаев орталығы» КЕАҚ және ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы бірлесіп ұйымдастырды.
Көрме 16 қыркүйекке дейін жұмыс істейді.