Елорда оқушылары тарих сабағын Ұлттық музейде оқиды

Нұр-Сұлтан қаласының №88 мектеп-лицейінде білім беру қызметкерлерінің тамыз конференциясы аясында «Жаңа Қазақстан: білім мазмұнындағы жаңалықтар» тақырыбында панельді секция өтті.

Отырыста Қазақстан тарихы, дүниежүзілік тарих пәндерінің білім беру сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ жаңа оқу жылының басымдықтары мен негізгі міндеттері айқындалды. 

Іс-шараға мұғалімдер, білім беру ұйымдарының үздік жетекшілері, мәдениет ошақтарының өкілдері қатысты.

Жиын барысында ҚР Ұлттық музейінің Экскурсиялық жұмыс, музей педагогикасы және экспозициялық залдарды сақтау қызметінің жетекшісі Жанар Бейісова «Музейдегі мектеп күні» атты жобаның концепциясымен таныстырды. 

«Музейдегі мектеп күні» мәдени-білім беру жобасы Балалар жылы аясында іске асырылады және тарих, археология, этнография мен мәдениет саласында интерактивті сабақтар, бейнесабақтар, экскурсиялар, практикалық іс-шаралар өткізу арқылы мектеп оқушыларының зерттеушілік және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған.

«Аталмыш жоба барысында музей қызметкерлері мектеп мұғалімдеріне әдістемелік көмек көрсетіп, мемлекеттік құрылымдармен, мәдени-білім беру саласындағы серіктестермен өзара іс-қимылдың оңтайлы формуласын белгілейді. Сабақтар музей қабырғасында және онлайн форматта өтеді. Сондықтан жоспарға сәйкес қала бойынша бір жылда 3200 оқушы, ал онлайн форматта барлық Қазақстан оқушыларын қамтуды көздеп отырмыз», - деді Жанар Бейісова. 

Нұр-Сұлтан қаласының «Білім беруді жаңғырту орталығының» әдіскері Дайра Әмірғалиева да музейде өткізілетін сабақтың маңыздылығын атап өтті. 

«Біз 2018 жылдан бері музей қызметкерлерімен тығыз байланыс орнаттық. Бірнеші мәдени іс-шаралар мен сабақтар өткіздік. Бұл жоба да елорда мұғалімдері тарапынан қолдау тауып, оған  оқушылар белсенді түрде қатысады деп ойлаймын», - деді. 

Жобаның мақсаты – білім алушылардың бойында тарихи сананы, патриотизмді, өз елінің тарихына деген құрметті, ата-бабаларының жетістіктері үшін мақтанышты қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дарытып, коммуникативтік дағдыларды дамыту.