«Дәстүр мен уақыт» атты қазақ қолөнер көрмесінің ашылуы өтті

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Дәстүр мен уақыт» атты қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнер туындылары көрмесінің ашылуы өтті.

Мақсаты – сәндік-қолданбалы өнерді қазақ халқының мәдени мұрасы ретінде кеңінен насихаттау. 

Іс-шараға мәдениет және қоғам қайраткерлері, ҚР суретшілер одағының мүшелері, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты.  

Ашылу салтанатында ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Абай Сатубалдин көрменің маңыздылығына тоқталды.

«Баршаңызды Дәстүр мен уақыт» атты қазақ қолөнер көрмесінің ашылуымен құттықтаймын. Қазақ халқының ұлттық қолөнері сонау көшпелі кезеңнен бастап, бүгінгі күнге дейін өз әсемдігімен қолданыстан қалмай келе жатқан асыл қазынамыз. Тарихты жандандырып, әр кезеңде, әр түрлі бағыттағы таңғажайып туындылар мәдени-рухани кеңістігімізді кеңейтіп келеді. Көрмеге Берік Әлібай, Зейнелхан Мұхаметжан, Сержан Баширов және басқа да қолөнер шеберлерінің жұмыстары қойылды. Жалпы көрмеге 180-ге жуық туынды ұсынылды.  Осынау маңызды игі іс-шараның жұмысына сәттілік тілей отырып, көрмедегі өнер туындылары талғампаз көрерменнің жүрегінен ерекше орын алатынына сенімдімін», - деді  А. Сатубалдин.

Өз кезегінде тарих ғылымдарының докторы Шайзада Тоқтабаева сәндік-қолданбалы өнерді қазақ халқының мәдени мұрасы ретінде кеңінен насихаттауды атап өтті.

Көрмеде қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрін бейнелейтін зергерлік бұйымдар, киіз басу, гобелен, керамика, тері өңдеу сияқты 20-дан астам танымал қазақстандық қолданбалы өнер шеберлерінің жұмыстары қойылды.

Сонымен қатар, көрермен назарына көркем композицияда орындалған және гобелен шеберлерімен бірлесіп жасалған дәстүрлі «құрақ» және киіз үйдің керегесін өңдеуге арналған жұмыс үстелінің инсталляциясы ұсынылды.

Халық қазынасы, ғасырлар мұрасынан тұратын көркем туындылар көрерменнің көңілінен шығып, жоғары бағасын алды.

Айта кетейік, қазіргі уақытта сәндік-қолданбалы өнерді сақтау және дәріптеу мәселесінің маңыздылығы орасан зор мәнге ие болып отыр. Қай халықтың болса да рухани әлемі, ең алдымен, оның дәстүрлі өнерінен көрінетіні мәлім. Әлемдік мәдениетке өлшеусіз үлес қосқан тарихи жәдігерлерімізді ұлттық құндылық ретінде сақтаумен бірге ұлттық мәдениетімізді ұрпақ санасына сіңіріп өсіру – кезек күттірмейтін жауапты іс.