Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы мәдени алмасу жылы аясында өтетін іс-шаралар талқыланды

ҚР Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы мәдени алмасу жылы аясында өтетін іс-шаралар талқыланды. 

Кездесуге ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, ҚР Ұлттық музейі директорының м.а. Айбек Сыдықов және Корея Республикасының ұлттық жиналысы депутаттары қатысты. 

Айта кетейік, биыл Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толды. Бұл күнді мерекелеудің негізгі бағыттарының бірі - елдер арасындағы мәдени алмасу жылын өткізу. Атап айтқанда, қазақстандық әртістердің Оңтүстік Кореяда өнер гастролі жоспарланған. 

«Қазақстандықтардың, әсіресе жастардың корей мәдениетіне деген қызығушылығы артып келеді. Бұған дәлел-мәдени алмасу жылы аясында бірқатар іс-шаралардың өткізілуі. Мысалы, К-pop концертін айтуға болады. Осы ауқымды іс-шараға өзім де қатысып, әртістердің өнеріне тәнті болғанымды  атап өткім келеді. Қазіргі таңда Ұлттық музейде корей суретшісі Пак де Сонның көрмесі өтіп жатыр», - деді Дәурен Абаев.

Министрдің айтуынша, биыл Қазақстанда бай тарихы бар республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театрына 90 жыл толады. Театр әлемдегі ең көне ұлттық корей театрларының бірі. Мәдени алмасу жылы аясында Театр Кореяда гастрольмен болып, «Комонаре» халықаралық театр фестиваліне қатысты.

Сондай-ақ, мәдени алмасу жылы аясында 2022 жылдың 15 қазанында «Қазақстанның туристік мүмкіндіктері» тақырыбында роуд-шоу өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, қыркүйек айында Қазақстанда классикалық корей музыкасының кеші өтеді.

Екіжақты әңгіме барысында тараптар Ұлттық мұрағат қорларын қауіпсіз сақтауды қамтамасыз ету және спортшыларды даярлау мәселелерін де қозғады.

Өз кезегінде «Корея – Қазақстан» парламентаралық достық тобының төрағасы У Вон Шик кездесудің күн тәртібінің маңызды элементтерінің бірі саналатын мәдени-гуманитарлық байланыстардың деңгейіне жоғары баға берді.

Кездесу соңында шетелдік делегация өкілдері Ұлттық музейдің құнды жәдігерлерімен танысып, халқымыздың рухани мұрасы дәріптелді.