Ұлттық музейде саяхатшы Сәрсенбай Оспанұлымен кездесу өтті

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде қайта қалпына келтіруші, шебер ұста, саяхатшы Сәрсенбай Оспанұлымен кездесу өтті.


Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының тумасы, еңбек ардагері, темір ұстасы, Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорығының қызметкері, 72 жастағы қария – Қазақстанның 17 облысын түгелдей жаяу аралауға шыққан еліміздегі тұңғыш марафоншы. «Ұлытауға бардың ба?» деп аталатын экспедицияның мақсаты – еліміздің тарихи-географиялық орталығы Ұлытауды дәріптеу, қазақстандық қолөнершілерді тіркеу және Қымыз мерекесін жалпы ұлттық мерекелер қатарына қосып, күнтізбеде белгілеу.

Кездесу барысында ҚР Ұлттық музейінің ғылыми хатшысы Саялбек Гиззатов Сәрсенбай Оспанұлының өмір жолына тоқталып өтті.

«Шебер ұста, қадірлі азамат Сәрсенбай Оспанұлы өзінің өмірдегі еңбегін еліне, жеріне, Отанына арнап келеді. Жасынан еңбекқорлыққа бейім Сәрсенбай аға, қай жерде еңбек етсе де, жасаған істері сапалы әрі құнды. Сегіз қырлы, бір сырлы ағамыз бүгінде зейнет жасында болса да, ол кісінің бойынан еңбекке деген күш-қуаты, әлі де жерімізді көркейтуге, өркендетуге жарап тұрғаны сезіледі. Қасиетті шаңырағымызға келіп, ортамызды толтырып отырғаныңызға алғысымызды білдіреміз. Еліміздің тарихи-географиялық орталығы Ұлытауды дәріптеуді мақсат еткен саяхатыңыздың ойдағыдай өтуіне тілекшіміз»,- деді С. Гиззатов.

Өз кезегінде, саяхатшы Сәрсенбай Оспанұлы өзінің сапары туралы баяндап берді.

«Бұл сапарым 31 наурыз күні Ұлытаудан бастау алды. Бүгінгі күнге дейін төрт мың шақырым жүріп өттім. Әрі қарай енді Көкшетау, Қызылжар өңіріне жалғасын табады. Үш мақсатты көздеп, сапарға шықтым. Бірінші мақсат – Ұлытау өңірінің тарихын қазақ тарихында ерекше орын алатындығын халыққа насихаттау. Екіншісі – қолөнер шеберлерінің тізімін түгендеп, толықтырып, ЮНЕСКО-ға өткізу. Үшіншісі – қазақтың ұмытылып кеткен ұлттық мейрамы «Қымыз мейрамын» елге дәріптеу. Кейбір өңірлердегі жолдардың нашарлығы болмаса, еш қиыншылық болмады. Себебі, адамның өзінің алған бағыты болса, мақсаты болса, Алла қуат беріп тұрғанда, халық қолдап тұрғанда адам ширайды», - деді С. Оспанұлы.

Бұдан өзге, Сәрсенбай Оспанұлы алдағы жоспарларымен де бөлісті.

«Алда тағы төрт мыңдай шақырым бар. Баршамызға мәлім, мемлекеттің туы екі жағдайда, яғни Ел Президенті өзге елге сапармен барғанда жəне байрақты бəсекелерде спортшы топ жарғанда көтеріледі. Біздің алдымызда тұрған мақсат – қолөнер шеберлерінің тізімі түгенделіп, ЮНЕСКО-ға өткізіп, қолөнершілеріміз туымызды бір желбіретсе деген ой. Қазақ халқының ұлттық мерекесі ретінде «Қымыз мейрамын» күнтізбеде белгілеп, бауырмалдыққа, мейірімділікке жетелеу», - деді С. Оспанұлы.

Сонымен қатар, кездесу барысында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, пікір алмасты.

Сәрсенбай Оспанұлының жүріп өтуі тиіс бағыты: Ұлытау – Жезқазған – Қызылорда – Түркістан – Шымкент – Тараз – Алматы – Талдықорған – Аягөз – Өскемен – Семей – Керегежар (Павлодар) – Қарағанды – Нұр-Сұлтан – Көкшетау – Қызылжар (Петропавл) – Қостанай – Ақтөбе – Орал – Атырау – Бейнеу – Ақтау. Айта кетейік, 7500 шақырымды құрайтын соңғы меже – Маңғыстау өңіріне жету қазан-қараша айларына жоспарланған.

Іс-шараға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, музей қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.