Ортағасырлық Қышқала қала жұртында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді

2022 жылдың мамыр айынан бастап, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің тапсырысымен  Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің "Университ археологиялық экспедициясы" жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуовтың жетекшілігімен " Ортағасырлық Қышқала (Баршынкент) Алтын Орда дәуіріндегі қалалық мәдениет контекстінде" атты ғылыми жобаны орындау мақсатында Қызылорда облысы Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылынан батысқа қарай 2 км жердегі Ортағасырлық Қышқала қала жұртында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарына отандық және алыс-жақын шетелдік ғалымдар тартылды. Соның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері Архад Молдахмет аталмыш жобаның орындаушысы ретінде қатысты. 

 2022 жылы жүргізілген қазба жұмыстары барысында Ортағасырлық Қышқала қала жұртында Алтын Орда дәуірінің тұрғынжай (немесе тұрғын үй) орны ашылды.

Қазба жұмыстары көрсеткендей,  тұрғынжайдан 4 бөлмеден тұратын екі ғимараттың орны ашылды. Әр бөлмеде жер ошақтармен қамтамасыз етілген  өзіндік жылыту жүйелері бар бұл құрылыс нысаны қаланың орталық бөлігінде орналасқан.

Зерттеу жұмыстарынан алынған сынама материалдар ( остеологиялық, топырақ минералдары) арнайы лабораторияларға талдау үшін жіберіледі.

Бүгінде  ортағасырлық Қышқала қала жұртында зерттеу жұмыстары жалғасуда.