Ұлттық музейдің жаңа археологиялық ашылымы

Ұлттық музейдің Германияның Тюбинген университетімен жасалған халықаралық келісім-шарт негізінде 2017 жылдан бері «Palaesilkroad» жобасы бойынша Қазақстан аумағындағы палеолит ескерткіштерін іздестіру мақсатында археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Жобаның қосалқы жетекшісі – музейдің бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, академик Жәкен Таймағамбетов. 
Бұл маңызды халықаралық жоба аясында 2022 жылғы мамыр айынан бастап археологиялық қазба жұмыстары жалғасын табуда. Экспедиция барысында алғаш рет Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында палеолит дәуірінің көп қабатты тұрағы анықталып отыр. Тарихи орыннан көптеген тас құралдары, соның ішінде нуклеустер, қырғыштар, үшкір тастар табылды. Сонымен қатар қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жануарлардың сүйектерін, көмір қалдықтарын зертханалық сараптамаға жіберу жоспарлануда. 

 Ұлттық музейі мен Тюбинген университетінің археолог мамандарынан жасақталған экспедиция зерттеу жұмыстарын Оңтүстік Қазақстан өңірінде жалғастырады.