«The History of Soviet Central Asia in 100 Objects» атты онлайн-көрмесі ашылды

2022 жылдың 7 маусымында Оксфорд университетінің ғылыми орталықтары – Низами Гянджеви ғылыми орталығы және Людвигтің гуманитарлық зерттеулер қорының ұйымдастыруымен «The History of Soviet Central Asia in 100 Objects» атты онлайн-көрмесі ашылды. Цифрлық көрме жобасының негізгі міндеті – Орталық Азияның кеңестік тарихын тарихи артефактілер арқылы көрсету. Нил Макгрегордың «A History of the World in 100 objects» кітабынан шабыт алған бұл көрме көпшілік қауымға Орталық Азия тарихындағы кеңестік кезеңді ашып қана қоймай, тарихи оқиғаларды материалдық нысандар мен олардың сипатамалары арқылы толықтыруды мақсат етеді.

Онлайн-көрме белгілі бір кезеңді, идеяны, тәжірибе немесе оқиғаны баяндайтын 70 нысанды ұсынады. Көрме Кеңес Одағы ыдырауының отыз жылдығына арналған.

«The History of Soviet Central Asia in 100 Objects» жобасына Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Ғылыми-әдістемелік қызметінің ғылыми қызметкерлері қатысты. Көрмеге Ұлттық музей қорынан «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының вымпелі қойылды. Аталмыш жәдігер Қазақстан тарихындағы қайғылы беттердің бірі – Семей полигонында сынақ жасалған қасіретті кезеңді сипаттайды.

Сайтқа сілтеме: https://www.cabinet.ox.ac.uk/nevada-semipalatinsk-pennant-kazakhstan-1