Қазақстан мен Корея арасындағы мәдени ынтымақтастыққа арналған төртінші отырыс өтті

2 маусымда Нұр-Сұлтанда мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Корея бірлескен комиссиясының төртінші отырысы өтті. Тараптар мәдениет және өнер, туризм, кинематография, спорт, музей және мұрағат ісі, сондай-ақ телехабар тарату салаларындағы өзара іс-қимылдың ауқымды мәселелерін талқылады. Елдер арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай 2022 жыл мәдени алмасу жылы болып жарияланғанын атап өткен жөн.

«Қазақстан мен Корея мемлекетаралық байланыстардың барлық спектрі бойынша екіжақты өзара іс-қимылдың дәстүрлі жоғары деңгейіне ие. Елдеріміз арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар жыл сайын нығайып келеді. Мемлекет басшысының өткен жылдың тамыз айында Корея Республикасына сапары осы берік және достық қарым-қатынастардың айғағы болды, оның қорытындысы бойынша архив ісі саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Сапар аясында ұлы ағартушы Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіш салтанатты түрде ашылды», - деді ҚР МСМ халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Бақнияз Қарашина.

Мәдени алмасу жылы аясында 20-26 маусым аралығында Сеулде республикалық мемлекеттік корей музыкалық комедия театрының гастрольдері жоспарланған; 10-14 қазан аралығында Кореяда қазақстандық кино күндерін өткізу жоспарланған; қыркүйекте «Хассак» этно-фольклорлық ансамблінің гастрольдері жоспарланған; қазан айында музыкант Айман Мұсақожаеваның өнер сапары жоспарланған.

Өз кезегінде Қазақстанда K-pop концертін, классикалық музыка түнін, киноиндустрия форумын, сондай-ақ корей қолөнерінің көрмесін өткізу жоспарланып отыр.

«Елдеріміз арасындағы мәдени алмасу жылы мәдени-гуманитарлық қарым - қатынастарды одан әрі дамытуға жаңа серпін беретініне, сондай-ақ елдеріміздің мәдениеті мен тарихымен жақынырақ танысуға мүмкіндік беретініне сенімдімін», - деді Бақнияз Қарашина.