Даурен Абаев – референдум жайлы: Ел өміріндегі өзгерістер кезеңі – қоғамның тұтастығы сынға түсер күрделі сәт

5 маусымда өтетін референдум ел өміріндегі өзгерістердің институционалдық көрінісіне айналады, деп хабарлады ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Алматыда өткен «Ұлт рухы – ұрпақ мұраты» атты мәдениет форумында.

Ол соңғы айларда елімізде тағдыршешті өзгерістер болып жатқанын, олар мемлекетіміздің жылнамасында мәңгілікке жазылып қалатынын атап өтті. Бұл өзгерістердің институционалды көрінісі референдум болады.

«Президенттің реформалары саяси құрылымның парадигмасын өзгертіп қана қоймайды, олардың қоғамдағы бостандық пен жауапкершіліктің тепе-теңдігін орнықтыруы маңыздырақ. Бұл ірі және күрделі процесс. Азаматтық және саяси бостандықтың кеңеюі қоғамның әр мүшесінің жеке өмірі мен тағдыры үшін жауапкершілігінің артуымен қатар жүруі керек», - деді министр.

Сонымен қатар, министр  «ел өміріндегі өзгерістер кезеңі – қоғамның тұтастығы сынға түсер күрделі сәт», деп атап өтті.

«Беріктіктің кепілі - бұл біздің бірлігіміз. Қазір көптеген этнос өкілі қазақ тілін үйренуге құлшыныс білдіріп отыр. Біздің міндетіміз – соларға қолдау көрсету.  Тіл – қашанда ұлтты бөлуші емес, біріктіруші құрал. Осыны ақсақалдарымыз жастарға жете түсіндіруі қажет», - деп түйіндеді министр.

Сондай – ақ Дәурен Абаев министрліктің негізгі миссиясы-мәдениет пен өнерді дамыту үшін барынша жағдай жасау екенін атап өтті.

««Барынша жағдай жасау» деген, әрине, жауыр болған сөз екенін білемін. Кейбіріңіз тіпті, бұған сенбеуіңіз де мүмкін. Осы ретте, Министрліктің қолынан бәрі бірдей келе бермейтінін мен де мойындаймын. Сондықтан да «көтере алмайтын шоқпарды белге байламай», жасай алатын жұмыстарымызға ғана уәде еткім келеді. Қазір біз жауапкершілігін толық мойынымызға ала алатын басымдықтарды айқындадық», - деп атап өтті министр.

Олар:

  • отандық көркем туындылардың сұранысқа ие болуы мен бәсекеге қабілеттілігі;
  • маман даярлау мәселесі;
  • мәдени мекемелердегі жұмыс сапасы;
  • кино саласынан бастап, кітап шығару ісіне дейінгі қаржыландыру процесінің әділ және ашық болуын қадағалау.

«Отандастарымыздың өз фильмдерімізді көруі, өз авторларымызды оқуы, өз музыкамызды тыңдауы біз үшін өте маңызды. Оған қоса, еліміздегі жалпы мәдени жағдайды, басқаша айтқанда, халықтың мәдени капиталын көтеру аса өзекті. Өткенде еліміздегі өнер ордаларын, колледждер мен училищелерді арнайы аралап шықтым. Барлық жерде мәселе бірдей – аудитория жетіспейді, жабдықтар ескірген, жалақы төмен. Алайда сол сеңді ақырындап қозғаған сияқтымыз. Жақында біздің министрлікке қарасты жоғары оқу орындарында оқытушылардың жалақысын көтердік. Одан бөлек шығармашылық училищелер мен колледждерге жаңа жабдықтар, музыкалық аспаптар, кітаптар мен аппаратуралар алу үшін арнайы шаралар ұйымдастырып жатырмыз», – деп толықтырды министр.

Айта кетейік, 27-28 мамыр күндері Алматы қаласында Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Ұлт рухы – ұрпақ мұраты» атты бірінші мәдениет форумы өтті. 27 мамырда іс-шара шеңберінде музыка және театр өнері, кино өндірісі, кітапхана және мұражай ісі саласындағы ағымдағы өзекті мәселелерді талқылау бойынша панельдік сессиялар, сондай-ақ бірқатар концерттер мен көрмелер өтті. Сонымен қатар, дәл осы күні Қазақ ұлттық опера және балет театрында КСРО Халық артисі, театр және кино актері Асанәлі Әшімовтің 85 жылдық мерейтойына орай Абайдың «Аңыз Асанәлі» атты салтанатты кеші өтті.

Форумның қорытынды отырысы 28 мамырда өткізілді, оған шығармашылық зиялы қауым өкілдері, өнер қайраткерлері, соның ішінде киноактриса, Халықаралық Канн кинофестивалінің лауреаты Самал Еслямова, кинорежиссер Ермек Тұрсынов, жазушы Төлен Әбдік, продюсер Қанат Айтбаев, мәдениеттанушы Зира Наурызбаева және басқалар қатысты.

Іс-шара соңында Мемлекет басшысы 2022 жылғы 21 мамырда «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын берген шығармашылық зиялы қауымның бірқатар өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері марапатталды.