Ұлттық музейде Ботагөз Төлештің «Жаңару» атты жеке көрмесінің ашылуы өтті

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Ботагөз Төлештің «Жаңару» атты жеке көрмесінің ашылуы өтті.

Іс-шараның мақсаты – суретшінің кескіндемелерін насихаттау, оның шығармашылық жұмыстарының тұсаукесері, сондай-ақ өскелең ұрпақтың шығармашылыққа деген жоғары құрметін қалыптастыру.

Шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, Нұр-Сұлтан қаласы Суретшілер одағының мүшелері, мәдениет және өнер қайраткерлері, жоғарғы оқу орындарының білім алушылары, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Ашылу салтанатында Ұлттық музейдің Ғылыми хатшысы Саялбек Гиззатов көрменің ашылуымен құттықтады.

Ботагөз Төлештің «Жаңару» атты көрмесінің салтанатты ашылуына қош келдіңіздер. Бояуы қанық көркемсурет, шебер қолөнер, сондай-ақ, төл өнеріміздің тағы басқа көптеген салаларында топты жарып, озық шығып, қазақ елін халықаралық деңгейде танытып жатқан, нәзік жанды сұлуларымыз баршылық. Бүгінгі «Жаңару» көрмесінің негізгі мақсаты да, қалың көрермен қауымның назарына әйел әлемін алаңдатқан сан алуан тақырыптағы мәселелерді нәзік қылқалам шеберінің туындылары арқылы жеткізу», - деді С. Гиззатов.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай көрменің маңыздылығына тоқталып, игі іс-шараның жұмысына сәттілік тілеп, көрмедегі өнер туындылары талғампаз көрерменнің жүрегінен ерекше орын алатынына сенім білдірді.

Шара барысында көрме авторына ҚР Суретшілер Одағының атынан бейнелеу өнеріне қосқан елеулі еңбегі үшін алғыс хатпен табыс етілді. Өз кезегінде Ботагөз Төлеш көрмеге жиналған қауымға өз алғысын жеткізді.

Танымал қазақстандық өнер қайраткерлерінің отбасынан шыққан ол – шығармашылық сабақтастық пен дәстүрді жалғастырушы. Бала кезінен бейнелеу және сәндік өнерге қызығушылығын танытқан. Әкесі, қазақтың атақты мүсіншісі Шоқан Төлештен айырмашылығы, Ботагөз Төлеш сәндік-қолданбалы өнердің гобелен сияқты күрделі түрінен өзінің дарындылығын тапты.

Оның сүйікті тақырыбы – қимыл-қозғалыс: құстардың ұшуы, қыздардың арманы, әуен үні, шексіз қазақ даласы, кеңістіктегі және уақыттағы қозғалыс.

Автордың жеке көрмелері Қазақстанның көптеген қалаларында, сондай-ақ шетелде: Болгарияда, Түркияда, Польшада ұйымдастырылған. Өнер иесінің шығармашылық жұмыстары Қазақстанның, Ұлыбританияның, АҚШ-тың, Италияның жеке коллекцияларында сақтаулы тұр.