«Киелі орындарды, ескерткіштерді және зиярат ету орындарын ғылыми жүйелеу және картографиялау» атты онлайн дөңгелек үстел өтті

«Киелі орындарды, ескерткіштерді және зиярат ету орындарын ғылыми жүйелеу және картографиялау» атты республикалық онлайн дөңгелек үстел өтті

Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ұлттық музейде «Киелі орындарды, ескерткіштерді және зиярат ету орындарын ғылыми жүйелеу және картографиялау» атты республикалық ғылыми-практикалық дөңгелек үстел өтті.

«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының бастамасымен өтетін шараның мақсаты – еліміздегі қасиетті жерлердің саяхат бағдарын дамытып, туристік картаға салу мәселесін талқылау.

Дөңгелек үстелді «Қасиетті Қазақстан» ғылыми — зерттеу орталығының басшысы Батырхан Елікұлы Жұмабаев жүргізді.

Басқосу барысында «Киелі нысандарды» зерттеу саласындағы киелі және тарихи-мәдени нысандарды ресми картаға түсіру кезіндегі іс-әрекеттің нақты алгоритмін жасау және ғылыми негіздеу, киелі нысандарды мемлекеттік тіркеуге енгізу мәселелері мен ерекше қорғалатын ескерткіштердің қорғалуы, оларды ұлттық-идеологиялық деңгейге көтеру сынды бірқатар мәселелер талқыланды.

Бүгінгі таңда «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының Ғылыми-сарапшылық кеңесі республикалық маңызы бар 205 киелі нысанның және облыстық маңызы бар 575 киелі нысанның тізімін бекітті. Зерттеу нәтижесінде республикалық және облыстық маңызы бар киелі нысандарға арналған энциклопедиялар жарық көрді.

Жиынға зиялы қауым өкілдері, тарихшылар мен өлкетанушылар, этнограф ғалымдар, археологтар, географтар мен картографтар, Қазақстан әлеуметтік даму институтының, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаментінің өкілдері, мәдениет басқармалары мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің мамандары қатысты.