Мектеп оқушылары арасында асық атудан IV ашық қалалық турнир өтті

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Балалар жылы» аясында мектеп оқушылары арасында асық атудан IV ашық турнир өтті

   Мақсаты – ұлттық ойындар арқылы балаларға ақыл-ой, адамгершілік, дене шынықтыру және эстетикалық тәрбие беру, оқушылар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасына құрмет сезімін қалыптастыру. Сондай-ақ, ептілікке, мергендікке, ұқыптылыққа, сергектікке баулу, қазақтың ұлттық ойындарын білуге құштарлығын арттыру.

   Дәстүрлі турнирді ҚР Ұлттық музейінің ғылыми хатшысы Саялбек Махамбетұлы және Нұр-Сұлтан қаласының «Асық ойыны» федерациясының президенті Ескендір Серікұлы құттықтау сөзбен ашып, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енген асық ату сайысына қатысушыларға сәттілік тіледі.

  Ұлттық музейдің Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімі «Асық ату» федерациясымен бірлесе ұйымдастырған жарыс «Бес табан» және «Бес асық» ұлттық ойындарының ережелері бойынша өткізілді. 

   Мектеп оқушылары арасында тартысты өткен «Бес табан» сайысында мергендігі мен ептілігі арқасында оқ бойы озып шыққан №85 мектеп-лицейінің құрама командасы бірінші орынға ие болса, №18 орта мектептің қатысушылары екінші орынды, №65 мектеп-гимназиясының шәкірттері үшінші орынды иемденді.«Бес асық» ойыны бойынша бірінші орынға Ұлттық спорт түрлерін дамыту орталығының «Арқа алан» тобы лайық деп танылса, екінші орын №55 орта мектебінің оқушыларына, үшінші орын №83 мектеп-гимназиясының ойыншыларына берілді.

  Сондай-ақ, ойыншылар ішіндегі үздіктеріне «Шебер ойыншы», «Епті ойыншы», «Алғыр ойыншы», «Қолмерген ойыншы», «Сұрмерген ойыншы», «Көзмерген ойыншы» номинациясы берілді.
Жеңімпаздар мен жаттықтырушыларға арнайы диплом және сый-сияпаттар табысталды.