«Өркениеттер тоғысындағы Құлан қаласы» атты көрменің ашылуы өтті

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Өркениеттер тоғысындағы Құлан қаласы» атты көрменің ашылуы өтті.

Мақсаты – ортағасырлық қала мәдениеті және өркениетін кеңінен насихаттау.

ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы көрменің ашылу салтанатында шараның маңыздылығына тоқталды.

«Бүгін біз ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Әулиеата жеріндегі Құлан қаласы көрмесінің ашылу сәтіне куә боламыз. Атқарылған қазба жұмыстары Құлан қаласының сәулеттік ерекшелігі, мәдениеті мен өркениеті туралы сыр шертеді. Әрбіріміз ортағасырлық қала мәдениеті мен өркениетін кеңінен насихаттайтын болсақ, осындай іс-шаралардың өтуіне ұйытқы болып, тарихи зерттеу жұмыстарының, зерттеушілердің еңбегін дәріптей алсақ – келер ұрпаққа өшпес іс қалдыратынымыз сөзсіз.

Бүгінгі маңызды шараның өтуіне ат салысқан баршаңызға алғыс айта отырып, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін», - деді А. Мұхамедиұлы.

Аталған жәдігерлерге Қырым Алтынбеков бастаған «Остров Крым» орталығының мамандары қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді.

Өз кезегінде  Қырым  Алтынбеков ұлттық мұраларымызды дәріптейтін осындай іс-шаралардың рөлін атап өтті.

«Біздің ата-бабаларымыздан қалған мұраларды көруге келген сіздерге алғысым шексіз. Еліміздің өткенінен сыр шертетін, кешегісі мен бүгінін саралайтын тарихи-мәдени мұра обьектілеріміздің маңызы зор. Қазақ жері өзінің бай тарихымен ерекшеленеді. Оның ұлттық тарихы ерте замандардан бастау алады», - деді Қ. Алтынбеков.

2014­ жылы ЮНЕСКО-ның бүкіл­әлемдік мұралар тізіміне елі­мізден сегіз тарихи-мәдени ескерт­кіш енгізілген. Сол ескерткіштердің бірі – Әулие­ата жеріндегі Құлан қала­сы еді.

Жазба тарихи деректерде Құлан қаласы ХІІІ ғасырдың бас кезіндегі ескерткіш кешен екені айтылады. Көне қаланы археологиялық тұрғыдан зерттеуді ХІХ ғасырда В.Бартольд бастап, 1936 ж. қала аумағына Құландағы археологиялық зерттеулер А.Н.Бернштамның барлау жұмыстары мен ҚазКСР ҒА ұйымдастырған 1963-1965 жылдардағы Жетісу археологиялық экспедициясынан басталған. Сол кездегі қазба жұмыстары нәтижесінде VII ғасырдың бірінші жартысына жататын жазба деректері табылған.

Соңғы жылдары археолог Серік Ақылбек бастаған зерттеу тобының Құлан қалажұртында археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде түргеш, қарлұқ және қарахандықтар кезеңінің мәдени қабаттарын анықтады. Қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлер қала жайында, оның сәулеттік ерекшелігі, сонымен қатар мәдениеті мен өркениеті туралы сыр шертеді.

Іс-шараға белгілі археолог мамандар, зиялы қауым өкілдері мен мәдениеттанушылар қатысты.

Айта кетейік, аталған көрмеде елордамыздың «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі және халықаралық конкурстардың лауреаттары Шыңғыс Түсүпбеков, Көркем Шолошова өз өнерлерін ортаға салды.