Афиша

Ұлттық музей ғалымдарының СҚО экспедициясы жинағы шықты

Ұлттық музей ғалымдарының СҚО экспедициясы жинағы шықты

2023 жылғы 26 сәуір күні 11:00-де Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Сарыарқаның рухани, мәдени мұрасы» атты дөңгелек үстел өтеді. Іс-шара аясында «Солтүстік Қазақстан облысының материалдық емес мәдени мұрасы: экспедициялық зерттеулер» атты кітаптың таныстырылымы және тұсаукесері жоспарланып отыр.

Іс-шарада Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Мәдени мұраны ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының 2021-2022 жылдардағы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қазақтың рухани мұраларын жинау, сақтау, зерттеу жұмыстарының қорытындысы ұсынылады.

Солтүстік Қазақстан облысының материалдық емес мәдени мұрасы бойынша жарық көрген кітапта тың деректер көрсетілген. Еңбекте облыстың үш ауданы бойынша жүргізілген музыкалық-этнографиялық кешенді экспедицияның бағыттары және жиналған материалдық емес мәдени мұра элементтері жанрлық ерекшеліктеріне қарай сұрыпталып, оларды сақтаушы 20-ға жуық мұрагерлер туралы мәліметтер екі тілде баяндалады.

«Солтүстік Қазақстан облысынан осы кітапқа кірген 50-ден астам шығармалар Қазақстанның өнертану ғылымында тұңғыш рет үш тілдегі түсіндірмесімен халық өнерпаздарының орындауында алғаш рет нотаға түсірілді. Бұл өңірлерді толыққанды араласақ, қыруар дүниелер жинауға болады деген сөз. Ел арасынан заттай жәдігерлерді де жинауға үлкен көңіл бөлінуі керек. Осы жұмыстардың нәтижесі көрсеткендей, рухани мұраларды және заттай жәдігерлерді жинау жұмысын жандандыруымыз қажет», - деді ҚР Ұлттық музейі Мәдени мұраны ғылыми зерттеу институтының Қазақтың дәстүрлі мәдениеті бөлімінің жетекшісі Ардаби Мәулет.

Аталмыш шарада Ұлттық музей қорына алынған құнды жәдігерлердің көрмесі жасалып, халыққа насихаттау жұмыстары жоспарланып отыр.

Дөңгелек үстел жұмысына мемлекет және қоғам қайраткерлері, әдебиет және фольклортанушылар, этнография саласындағы көрнекті ғалымдар мен музей саласының мамандары қатысады.