Афиша

Бейбарыс сұлтан-800 жыл: фото және архив құжаттарының көрмесі өтеді

Бейбарыс сұлтан-800 жыл: фото және архив құжаттарының көрмесі өтеді

2023 жылдың 18 сәуір күні сағат 16:00-де Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығы аясында «Бейбарыс сұлтан: Мәмлүк мемлекетінің жандануы мен өркендеуінің бастауы» атты фото және архив құжаттарының көрмесі өтеді. Көрменің ұйымдастырушысы ҚР Ұлттық музейі және ҚР Ұлттық архиві.

Көрменің мақсаты – Мысыр мен Шам жерінде билік құрған қыпшақ Бейбарыс сұлтанның билік еткен жылдардағы сәулет өнерінің қалыптасу тарихы, оның ислам өркениетінің дамуына қосқан үлесін көрсету.

Бейбарыс Сұлтан 1223 жылы Дешті-Қыпшақта (Қыпшақ даласы) дүниеге келген. Бейбарыс 1260 жылдан 1277 жылға дейін тақта 17 жыл отырады. Бейбарыстың ел билеген жылдарында Мысыр қуатты мемлекетке айналып, Шам жерінде Иранның моңғол елхандары мен еуропалық кресшілеріне қарсы сәтті соғыстар жүргізді. 1260 жылы Айн Жалұт шайқасында моңғол ханы Хулагу әскерінің бетін қайтарып, оны талқандайды. Осылайша, ол ислам әлемін сырттан келген жаулаушылардан қорғап қалады. Ол Алтын Орда ханы Беркемен жақсы қарым-қатынаста болып, екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстың күшеюіне ықпал етеді.

Сұлтан Бейбарыстың сәулетшілік саласында қалдырған ізі орасан зор. Ол басып алған не қайтарып алған елді мекендер мен қалаларда кем дегенде бір мешіттен салдырып отырған.

ХІV ғасырдағы мұсылман тарихшысы әл-Мақризи: «Қорытып айтқанда, Бейбарыс Исламның ең ұлы патшасы» деп жазады. Оның билеген жылдары араб елдерінде ғылым-білім, мәдениет, әдебиет, сәулет өнері ерекше қарқынмен дамыды. Ірі қалаларда мешіттер мен медреселер, сарайлар, сауда орындары бой көтереді. Ол 1277 жылы қайтыс болып, оның сүйегі Дамаск қаласындағы Баб-әл-Барид зиратына қойылады.

Бұл тақырыптық көрмеде Дешті-қыпшақ жерінде туылып, сонау Шам жерінде құлдыққа сатылған, кейін Мысыр жерінде билікке келген әйгілі бабамыз Бейбарыс Сұлтанның сәулет өнеріне қатысты материалдарына орын беріледі.

Көрменің екінші бөліміне белгілі арабтанушы ғалым Қайрат Сәкидің жеке қорында сақталған құжаттар мен архив материалдары қойылады.