Афиша

«100 жасаған «Жас Алаш» көрмесінің ашылуы өтеді

«100 жасаған «Жас Алаш» көрмесінің ашылуы өтеді
ҚР Ұлттық музейінде 2022 жылғы 8 маусым күні сағат 16:00-де   «Жас Алаш»  республикалық қоғамдық-саяси газетінің 100 жылдығына орай «100 жасаған «Жас Алаш» атты көрменің ашылу салтанаты өтеді. 
    
Мақсаты – қаншама тарихи оқиғалардың куәсі болып, халқымызбен бірге жасап келе жатқан ең байырғы және беделді республикалық басылымның ғасырлық шежіресін көпшілікке насихаттап, мұрағатта қатталған ескірмес мұраларды, тарихи оқиғалар мен тұлғалар жайлы мәліметтерді көпшілік назарына ұсыну, газеттің негізін қалап, қоғам алдында беделінің артуына аянбай үлес қосқан қаламгерлерді еске алу, еңбектерімен таныстыру, жас ұрпақты өз кәсібін сүю мен еңбексүйгіштікке шақыру, патриоттық сезімге баулу.       
         1921 жылы 22 наурызда Ташкент қаласында негізі қаланған «Жас Алаш» республикалық жастар газетін Түркістан АССР комсомол ұйымы жетекшілерінің бірі Ғани Мұратбаев құрып, Ілияс  Жансүгіров жауапты редактор қызметін атқарған. Әр жылдары «Жас Қайрат», «Өртен», «Лениншіл жас» атауларымен жарық көрген басылым Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бастап «Жас Алаш» атын иеленді.
Көрмеге газеттің шығу кезеңінен бастап бүгінге дейінгі маңызды деректі мәліметтері мен тарихы, суреттері, қазақ журналистерінің ұлағатты ұстаханасы, жастардың  жан серігі – «Жас Алаш» газетінде  еңбек етіп, қайраткерлік танытқан қарымды қаламгерлердің мақалалары мен кітаптары қойылады.
Көрмеге зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, архив, кітапхана, музей қызметкерлері мен жоғарғы оқу орындарының білім алушылары және қала тұрғындары мен қонақтары қатысады.